
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов жарақатымен ауруханаға жеткізіліп, шұғыл түрде ота жасалды. Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, операция кезінде қан кету тоқтатылып, жарақат салдарынан келген зақым қалпына келтірілген. Қазір шенеуніктің өміріне қауіп жоқ.
«Пациенттің жағдайы – тұрақты ауыр. Науқас дәрігерлердің жіті бақылауында. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – делінген ресми хабарламада.
Оқ ату оқиғасы 21 сәуір күні сағат 20:30 шамасында әкімдік ғимаратының маңында болған. Полицияның хабарлауынша, Берденов «Сайга-12» маркалы қарудан үш рет оқ жарақатын алған – жамбас пен иығына тиген. Оқ атқан күдікті ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамалды.
Еске сала кетейік, Руслан Берденов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне 2025 жылдың ақпан айында тағайындалған еді.