
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қарулы шабуыл төңірегіндегі оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Әлеуметтік желілер мен бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында шенеунікке тағылған «әйелге қырындағаны» туралы болжам тарады. Алайда бұл ақпаратты Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасының басшысы Айгерім Жұмақұлова жоққа шығарды.
Айгерім Жұмакұлова шабуыл жасаған азаматтың жұбайымен тілдескенін және ол әйелдің Руслан Берденовпен ешқашан таныс болмағанын жеткізді.
Күдіктінің жары бүгін тергеу амалдарына қатысу үшін құқық қорғау органдарына келді. Әйел Берденов мырзамен жеке таныстығы жоқ екенін айтты. Ендеше, қандай «қырындау» жайлы сөз болуы мүмкін? – деді Айгерім Жұмакұлова.
Ішкі саясат өкілі сонымен қатар әлеуметтік желілер мен медиакеңістіктегі жауапсыз әрекеттерге тоқталып, нақты дәлелдер мен сот шешімін күтпей жатып, адамның ар-намысына тию – заңға қайшы екенін еске салды.
Күдікті – тек күдікті. Сот шешімі шықпай тұрып, оны ақтауға, тіпті өзін-өзі қорғауға мәжбүрлеуге болмайды. Кейбір блогерлер мен өзін құқық қорғаушы деп атайтындар таратқан жалған ақпарат – бұл заң бұзушылық, – деді басқарма басшысы.
Жұмакұлова қос тараптың да отбасылары, әсіресе балалары барын еске салып, жеке мәліметтерді жариялау арқылы олардың болашағына қауіп төндірілгенін атап өтті.
Екі отбасыға да ауыр. Сол үшін журналистер мен блогерлерді, қоғам белсенділерін жауапкершілікке шақырамын. Адам тағдырымен ойнамаңыздар, – деді Жұмақұлова.
Қазіргі таңда іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Ресми органдар қоғамды тек расталған ақпаратқа ғана сенуге шақырып отыр.
21 сәуір күні Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке 3 мәрте оқ атылды. Берденов ауруханаға жеткізіліп, шұғыл ота жасалды.