
Бюджеттің 758 млн теңгесін жымқырған Жамбыл облысының қалалық көпсалалы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары мен бас бухгалтері сотталды. Бұл турады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі хабарлады.
«Тараз қалалық соты Жамбыл облысының Қалалық көпсалалы ауруханасы бас дәрігерінің экономикалық және әкімшілік-шаруашылық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары С.Шаушенова мен бас бухгалтер А.Достаеваға қатысты үкім шығарды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Екі әйел «Қайрат Құрылыс-ҚК» ЖШС аффилирленген кәсіпорнына жалған құжаттар рәсімдеп, оған заңсыз қаражат аударып келген. Жалпы аударылған қаражат сомасы 758 млн теңгеден асқан. Екеуі де қомақты бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылған.
Бұдан бөлек бас дәрігердің орынбасары Шаушенова қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру әрекеті үшін кінәлі деп танылған. Солайша аурухананың лауазымды тұлғасы Шаушеноваға сот 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Ал Достаева 6 жылға бас бостандығынан айырылған.
Екеуі де енді қаржылық қызметке байланысты лауазымдарды 10 жыл бойы атқара алмайды.
Сот шешімі заңды күшіне енбеген.
Еске сала кетсек, 8 сәуір күні жол таңбаларына бөлінген 272 млн теңгені жымқырған шенеунік сотталған болатын. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығының директоры қаражатты жымқырып, жұмысты орындамаған.