
Қазақстан мен Түрікменстан өзара сауда-саттық көлемін 1 млрд долларға жеткізбекші. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен бейресми кездесу кезінде айтылған.
Кездесу барысында президент Түрікменстаннан арнай келген мейманға ілтипат білдіріп, еліміздің рухани астанасы, түркі халықтарына ортақ қасиетті мекені Түркістан қаласына келгені үшін ризашылығын білдірген. Мемелекет басшысы газ және көлік-логистика саласында екі елдің стратегиялық ортақ жобалары жүзеге асырылып жатқанын айтқан.
«Біз бұл жұмыстарды бақылауда ұстаймыз. Өйткені оның нәтижесі қазақ-түрікмен экономикалық байланыстарын одан әрі өркендетуге ықпал етеді», – деген президент.
Ал Халк Маслахатының Төрағасы президентке киелі Түркістанда қонақжайлылық танытқаны үшін алғысын жеткізген. Сонымен қатар Қазақстан мен Түрікменстанның стратегиялық серіктестер екенін атап өткен.
«Екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың перспективасы мол. БҰҰ аясында Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылын жариялау жөніндегі Түрікменстанның бастамасына қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін», – деді Бердімұхамедов.
Сонымен қатар тараптар екіжақты қарым-қатынасты нығайтып, стратегиялық серіктестікті нығайту мәселесін талқылаған. Кездесу барысында өзара сауда-саттық көлемін 1 млрд долларға жеткізуге және байланыстарды дамытудың тың мүмкіндіктерін қарастыруға ден қойылатыны айтылған.