Әкім Тарази туралы не білеміз

Жазушы, драматург және сценарист Әкім Тарази қазақ әдебиеті мен жалпы қазақ мәдениеті үшін мол мұра қалдырды.
Сондықтан қаламгерлер оны «Әдебиеттің Әкімі» деп құрметпен атап келді.
Таразидің шын аты кім?
Әкім Таразидің шын есімі — Әшімов Әкім Үртайұлы. Ол 1933 жылы 9 қыркүйекте Алматы қаласында өмірге келген. Десе де, балалық шағы Жамбыл облысы қазіргі Рысқұлов ауданында өтсе, еңбек жолын Шу ауданында мұғалім болып бастаған.
Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған соң, Мәскеудегі жоғары сценаристік курстарда білімін жалғастырды.
Шығармашылық жолы
Шығармашылығы қазақ әдебиетінің алтын қорына еніп отыр. Терең философиялық ойларымен ерекшеленеді. Әкім Тарази әдебиетке 1960-жылдары келген. Тырнақалды туындылары оқырманның назарын бірден өзіне аударды. Шығармаларында адам болмысы, қоғамдағы өзгерістер мен рухани ізденістер терең суреттеледі. «Құйрықты жұлдыз» повесі, «Ауыл шетіндегі үй», «Мәскеу – Баласаз», «Жаза», «Тасжарған» романдары бұған жақсы мысал бола алады.
Драматургиялық еңбектері
Жазушының драматургия саласындағы еңбектері де ерекшелігімен көзге түсті. «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт» пьесалары қазақ театр өнерінде қайталанбас қолтаңба қалдырды.
Сонымен қатар Мұстафа Шоқай сынды қайраткерлердің еңбегін, өмір жолын, болмысын жаңа қырынан танытты.
Қоғамдық қызметі
Әкім Тарази тек жазушылықпен шектелмей, мәдениет пен өнер саласында түрлі қызметтер атқарды. Ол «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор, Қазақстан кинематографистер одағының бірінші хатшысы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметтерін атқарды. Сондай-ақ Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында және Қазақ Ұлттық Өнер Университетінде профессор ретінде жастарға білім берді.
Марапаттары мен құрметтері
Әкім Таразидың еңбегі жоғары бағаланды. Ол Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атақтарына ие болды.
Тоқаев: Орхан Памуққа ұқсайды
2023 жылы 29 мамырда Әкім Таразидің 90 жылдығы аталып өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жазушыны түріктің Нобель сыйлығын алған қаламгері Орхан Памукқа ұқсатқан еді.
«Әкім Тарази жалпы қалада болып жатқан дүниелер, яғни урбанизация туралы жазады. Бұл тұрғыдан алып қарасақ, белгілі түрік жазушысы Орхан Памукқа ұқсайды. Ол кісінің философиясы өте терең. Тағы бір ерекшелігі – ол кісі нағыз реалист», – деп пікір білдірген еді Тоқаев.
Жазушы, драматург Әкім Тарази 92 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.