Lifestyle

Қазақстанда қытай көліктері қымбаттап жатыр

Қытай көліктері қымбаттап жатса да, өтімді тауарға айналды/фото: shutterstock, бильд-редактор: Милош Муратовский
Қытай көліктері қымбаттап жатса да, өтімді тауарға айналды/фото: shutterstock, бильд-редактор: Милош Муратовский

Қазақстанда қытай көліктері қымбаттап жатыр. Бағаны шолып шықсаңыз, көлік құны өзгермеген, бірақ комплектациясы ұшқаны байқалады.

Қытай көліктерін ұнататын алматылықтар Geely көліктерінің толық комплектациясының бағасы бірнеше айдың ішінде 30 пайызға жуық қымбаттап кеткені қатты таңырқатып отыр.

Баға қалай өзгерген?

Алматылық Ләйла Шындәлі былтыр қазан айының соңында көлік сатып алған.  Geely Coolray көлігі толық комплектациясымен 11,5 миллион теңгеге түскен.

«Сыйлыққа қыстық төрт дөңгелек берілді. Бұдан бөлек, жүргізушілердің жинағы да қосымша тарту етілді. Терезесін көлеңкелеуі де тегін болды. Жақында дөңгелегімді ауыстыруға бардым. Сонда, толық комплектациясы бар дәл осы көлік 14,9 миллион теңге сатылып жатқанын көрдім», – дейді алматылық Ләйла Шындәлі.

Қытай көліктері күзден бері 3 миллион теңгенің о жақ, бұ жағына қымбаттағаны байқалады.

Гәп комплектацияда ма?

Қазақстанда қытай көліктері өтімді тауарға айналғаны құпия емес. Салыстырмалы түрде арзан әрі заманауи көліктер қазақстандықтардың көңілінен шығып отыр.

Бір қызығы, ресми диллерлердің сайттарында көліктердің бастапқы бағасында елеулі өзгеріс жоқ.

Сондықтан комплектациясының бағасы қымбаттаған деп тұжырым жасауға болады. Әдетте бағаның өсуіне теңге бағасының тұрақсыздығы себеп. Оның үстіне, автосалондар «4 пайыздық жеңілдік» ұсынып жатыр. Бағаның өсіміне бұл да түрткі болуы әбден мүмкін.

«Бәсекелестік жоқ»

Сарапшылардың пікірінше, бағаның қымбаттауына көлік нарығында бәсекелестіктің азайғаны түрткі болуы ықтимал.

«Қазір жеке тұлғалар бір жылда бір көлік қана алып келе алады. Ресми диллерге бәсекелестік азайды. Олар бағаны қымбат етіп ұстап отыра алады. 2023-2024-те бәсекелестік тым көп болды. Сондықтан көлік бағалары қатты түскен еді. Қазір көлік алып келетін бірнеше ғана компания бар», – дейді автосарапшы Азамат Серікқали.

Былтыр баға неге түсті?

Оның сөзіне қарағанда, автокөліктерді тек қана заңды тұлғалар әкеліп жатыр. Олар енді монополистке айналады. Олар өз бағасын қояды. Бағаны түсірген – жеке тұлғалар еді. Олар он шақты көлік әкеп, үстіне 200 мың, 500 мың теңге қойып, тез сатуға мүдделі болған.

Ал жеке тұлғалар бір алаңды арзанға жалдайды. Қызметкерлері жоқ. Ешқандай жауапкершілік жоқ. Зауыт алдында міндеттемесі де болмайды. Сонымен қатар олар көліктерге кепілдік бермейді.

Есесіне кепілдігі бар

Сарапшының айтуынша, заңды тұлғалардың да өз артықшылығы бар. Бастысы – кепілдік.

 «Қазіргі көлік бағасы қымбат болғанымен, кепілдігі бар. Қозғалтқышы бұзылып қалған жағдайда,  қымбатқа сатқаны үшін тегін жөндеп бере алады. Қосалқы бөлшектерін шетелден алдыртады. Қазір жүрілген көліктердің бағасы түсіп жатыр. Жаңа көліктер өз бағасын ұстап тұр», – дейді автосарапшы.

Қандай таңдау бар?

Азамат Серікқалидің пайымдауынша, жылы жаңа көліктердің бағасы қымбаттап жатуы ықтимал. Сондықтан диллер таңдау береді. Биыл, 2025 жылы шыққандарын 500 мың қымбатқа ұсынуы ықтимал. Қытайда 2023, 2024 жылы сатылмаған көліктер де бар. Қытай бұл көліктерді арзан бағада бермек.

«2024 жылғы мінілмеген көліктің өзі бір жылға ескірген болып саналады.  Сондықтан 2025 жылы шыққан көліктер қымбаттайды. Ресми диллердің автосалондарында баға неге қымбат? Ол жерде қызметкерлер болады. Сервис бар. Оларға жалақы төленеді. Орындарды, ғимараттарды жалға алады», – дейді сарапшы.

Мұның алдында Алматы қаласындағы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Департаменті «Toyota Tsusho Kazakhstan Auto» ЖШС-ны тергеген. Жаңа көліктер сатқан кезінде клиенттерге қосымша құрылғыларды мәжбүрлі түрде ұсынғаны үшін 88 млн теңге айыппұл салған еді.