Гаджеттер

АҚШ Федералды соты Google-дің Chrome-ді сатуын талап етіп жатыр

АҚШ Әділет министрлігі Google компаниясынан Chrome іздеу жүйесін сатуды талап етуде
Google компаниясын Chrome іздеу жүйесін сатуға мәжбүрлемек / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

АҚШ-тың Федералды сотында нарықтағы бәсекелестікті қалпына келтіру үшін Google-ға қарсы шараларды бекіту бойынша тыңдаулар басталды. Әділет министрлігі техноалпауыттан Chrome браузерін сатуға мәжбүрлемек. Сондай-ақ смартфондарда бастапқы іздеу жүйесі болу туралы келісімдерді бұзуды және бәсекелестердің де деректерге қолжетімді болуын талап етіп отыр. Бұл туралы The Wall Street Journal хабарлады.

Судья Амит Мехта бұған дейін Google-дің онлайн-іздеу саласындағы монополиясын заңсыз деп шешкен. Енді ол тараптардың уәждерін үш апта бойы тыңдайды.

«Сот интернетті тұтас бір ұрпақ үшін бақылап отырған монополияны тоқтату мүмкіндігіне ие», – деді АҚШ-тағы Әділет министрлігінің өкілі Дэвид Далквист.

Айыптауға сәйкес, әлемдік іздеу нарығының 90%-ын бақылап отырған компания жылдар бойы бәсекелестерді ығыстырып келген. 2023 жылы Google Apple компаниясына Safari браузерінде бастапқы іздеу жүйесі болу үшін жылына 20 миллиард доллардан астам қаржы төлейтіні белгілі болды.

Google өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, ұсынылған шараларды «бәсекелестердің қиялы» деп атады. Компанияның адвокаты Джон Шмитлайн мұндай қадамдардың инновацияға зиян тигізетінін айтып, OpenAI секілді жасанды интеллект стартаптарының бәсекелестігі күшейіп келе жатқанын атап өтті. Google Apple-мен жасалған келісімдерді жұмсартуға дайын, бірақ түбегейлі өзгерістерге қарсы.

Бұған дейін онлайн-жарнама нарығындағы монополиясы бойынша өткен сотта Әділет министрлігі Google-дан Google Ad Manager платформасын  сатуды да талап еткен. Сот ұзақ жылдар бойы компания өзгелерге мүмкіндік бермей, өзінің саясатын қолданушыларға күштеп таңған деп шешті. Егер осы жолғы тыңдалымда да техноалпауыт жеңілсе, бұл әлемдік цифрлық ландшафтты өзгертуі мүмкін дейді сарапшылар.