Берденовке оқ атты деген күдікті жұмыс істеген қандай мекеме?

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
«Тұрғын Үй Шымкент» мекемесі кімге тиесілі? / Фото:otyrar.kz

Шымкент қаласының орынбасары, экс-депутат Руслан Берденовқа шабуыл жасалды. Неге оқ атылғаны қатысты БАҚ-та неше түрлі нұсқалар айтылды. Соның бірі – құрылыс саласындағы бәсекелестік болуы мүмкін. Kursiv Media осы істе аты аталған мекемені тексеріп көрді.

«Тұрғын үй Шымкент» ЖШС кімге тиесілі?

Берденовқа оқ атылғаны туралы алғаш хабарлағандардың бірі – партияласы, блогер Бейбіт Әлібеков. Ол телеграм арнасында күдіктінің әкімдік жанындағы ЖШС-ның жетекшісі болғанын жазды.

Фото: Alibekov телеграм-арнасы

Күдікті байланысты деген кәсіпорын – «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС. Мекеменің инстаграмдағы парақшасында директоры ретінде Ернар Жиембай есімді азамат көрсетілген.

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы дерекке сүйенсек, бұл мекеме 2016 жылы маусымда тіркелген. Толығымен мемлекетке тиесілі. Kompra-дағы ақпарат бойынша, ол жерде 21-30 адам аралығында жұмыс істейді. Заңды тіркелген орны ретінде Шымкент қаласы, Тұран ауданы көрсетілген.

Жиембай Ернар бұл лауазымға 2024 жылы бірінші шілдеде тағайындалған. Ол басқарған кәсіпорын осы уақытқа дейін мемлекетке 50 млн салық төлеген. Қызығы соңғы екі жылда салық көлемі күрт өскен. Мәселен, 2021-2023 жылдар аралығында 4-5 млн теңге аралығында бюджетке қаржы құйған. Бірақ 2024 жылы 10 млн теңге, 2025 жылы 12 млн теңге төлеген.

Кәсіпорын мемлекеттік сатып алу сайтында белсенді емес. Тек 2022 жылы «TQCSI» (Kazakhstan) ЖШС-мен «қызметкерлері оқыту бойынша» келісіге отырған. Лот көлемі – 1 млн 630 мың.

Тұрғын үйлерді жаңалап, лифттерді жөндейді

Мемлекеттік сатып алу сайтында көрсетілген байланыс нөмеріне қоңырау шалдық. Тұтқаны көтерген азамат аты-жөнін айтудан бас тартты. Тек мекеменің «тұрғын үй құрылыс басқармасына қарасты екенін және модернизациямен» айналысатынын айтып, тұтқаны өшіре салды.

Қазір Шымкенттегі құрылыс саласындағы ең ірі тапсырыстың бірі – Тұрғын үй қорын жаңартып, тозығы жеткен үйлерді сүріп, орнына жаңа үй салатын реновация бағдарламасы. Бұл жоба 2022 жылы басталған.

Шымкентте жалпы 2 236 көп пәтерлі тұрғын үй болса, соның 70%-ынан астамы кеңестік заманнан келе жатқан үйлер екен. «Тұрғын үй Шымкент» осы бағдарламаның операторларының бірі болды. Яғни тозығы жеткен үйлерді жаңартып, шатырын, кіреберісін ауыстырып, инфрақұрылымын жаңалайды, жеделсатыларын ауыстырады. Ол үшін арнайы мердігерлер де жалдайды. Барлық бюджет мемлекет есебінен бөлінеді.

Бұған дейінгі мекеме басшысы істі болған. 2019 жылы  «Тұрғын үй Шымкент» директоры Мұхтар Мұхамбетжанды 8 жылға бас бостандығынан айырған. Оны «Тұрғын үйлерді жаңарту» бағдарламасы аясында үйлерге жөндеу жүргізуге бөлген қаржыны жымқырған деп айыптады. Бұрынғы директор мемлекеттік 30 млн теңгесін заңсыз иеленген.

Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовқа оқ атылды. Күдікті әкімдік ғимараты жанында қарумен атып, жаралаған. Қазір ол ұсталды, уақытша тергеу изоляторына қамалды.

Берденов қазіргі қызметке дейін екі жыл бойы мәжілісте Respublica партиясы атынан депутат болған. Бірақ оны тек саясаткер ғана емес, дәмханалар желісінің негізін салушы ретінда көпшілік жақсы біледі.

Сондай-ақ оқыңыз