ERG компаниясы америкалық кәсіпкерге сатылатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды

Eurasian Resources Group (ERG) компанияны сату туралы ешкіммен келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ. Соңғы аптада БАҚ-та тараған жаңалыққа қатысты компания арнайы мәлімдеме жасады.
«Компанияны сату туралы ешқандай келіссөздер жоқ. ERG тұрақты және жоспарлы түрде дамуын жалғастырып келеді. Бизнес үдерістерінде ешқандай өзгерістер жоқ», – деді ERG Директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов.
Компания баспасөз қызметі 2024 жылдың соңында директорлар кеңесі компанияның жаңа стратегиясын бекіткенін де атап өтті. Бұл стратегия ERG кәсіпорындарына инвестиция салуға және оларды дамытуға бағытталған.
«ERG-дің басты мақсаты – ұзақ мерзімді өсім мен барлық мүдделі тараптар үшін құндылық құру. Бұл бағыт өзгеріссіз қалады», – деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін Reuters агенттігі америкалық кәсіпкер, Petropavlovsk Plc-тің бұрынғы төрағасы Джеймс Кэмерон ERG компаниясын 5 млрд долларға сатып алғысы келетінін хабарлаған. Тіпті оның ERG компаниясының директорлар кеңесіне сондай хат жолдағаны да жазылды.
Eurasian Resources Group – табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу саласындағы жаһандық компания. Энергетика, көлік және маркетинг салаларында да толық интеграцияланған операциялар жүргізеді. 20 елде өкілдігі бар.
ERG – жоғары көміртекті феррохром өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы, сонымен қатар Еуразия аймағындағы ірі темір рудасы мен алюминий жеткізушілерінің бірі. Қазақстанда алюминийдің жоғары сортын өндіретін жалғыз компания.
Қазақстандағы ERG-ге тиесілі кәсіпорындар:
- ТНК «Қазхром»
- ССГПО
- «Алюминий Казахстана» АҚ
- Қазақстандық электролиз зауыты (КЭЗ)
- Еуроазиаттық энергетикалық корпорация (ЕЭК)
- «Шұбаркөл көмір»
- ERG Service және басқа ұйымдар.
Компанияның негізін қалаушының бірі Александр Машкевич 2025 жылғы наурыздың аяғында қайтыс болды. Машкевич, Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимовке ERG акцияларының 20% тиесілі болды. Қалған 40%-на Қазақстан үкіметі иелік етеді.