Жасанды интеллектінің болашағына қатысты қандай болжамдар бар?

Жарияланды 22 Сәуір 2025 08:39

Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Жасанды интеллектінің болашағына қатысты қандай болжамдар бар? / Фото жасанды интеллект көмегімен жасалған, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Жасанды интеллектінің болашағына қатысты қандай болжамдар бар? / Фото жасанды интеллект көмегімен жасалған, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жасанды интеллект өте қатты қарқынмен дамып жатыр. Барлық салаға дерлік еніп жатыр. Соған байланысты жаңа трендтер шығып, дүрмекке ілесуге тура келеді. Kursiv Media тілшісі 2030 жылға қарай жасанды интеллект саласында қандай маңызды трендтер пайда болатынын талдап көрді. Еңбек нарығындағы трансформация мен этникалық челленждер қандай болмақ?

Қазір AI-дың ахуалы қандай?

Жасанды интеллектіні осыдан бірнеше жыл бұрын футуристік концепция ретінде қабылданатын. Ал кейінгі кездері ол әдепкі жұмыс құралына айналып шыға келді. Олай дейтініміз — AI қазір мәтін мен код жазады, сурет салады, керек болса видео дайындап береді. Адамның дауысын танып, күрделі деректердің өзін ұршықша иіреді. ChatGPT сынды GPT-модельдер, Midjourney, DALL·E сияқты визуал генераторлар, компьютер вижн жүйелер бизнес, білім саласы, медицина, ойын-сауық саласында жиі қолданылатынын көріп жүрміз.  

Десе де, мынадай шектеулері барын ұмытпауымыз керек:

  • Ол сыни ойлай алмайды.
  • Жұмысының сапасы оны үйреткен датаға тікелей байланысты.
  • Модельдерді үйретуге кететін энергетикалық шығын жоғары әрі жабдықтары да қымбат тұрады.

Әйтсе де, жасанды интеллект экономика мен тұрмыстың басты салаларына мықтап дендеп жатыр. Мысалы Stanford AI Index деректеріне қарасақ, 2023 жылы айналымы 100 млн доллардан жоғары компаниялардың 70 пайыздан астамы жұмысына ЖИ-шешімдер қосқан екен.

2025-2030 жылдардағы ЖИ технологиялардың басты трендтері 

1. Жеке ЖИ-көмекші

Дижитал көмекшілер жекелеген адамға лайықталады. Яғни жасанды интеллект қолданушының әдеттерін, сөйлеу мәнерін, стилін есте сақтап қалады да, оның эмоциясына, кестесіне бейімделе түседі. Тіпті «когнитив клон» — деректер базасына қарап отырып адамның дижитал көшірмесін жасайтын бағыт дамып келе жатқанын атап өту керек.  

2. Медицина және биотехнология саласындағы ЖИ

Жасанды интеллект қазірдің өзінде онкологиялық және сирек кездесетін аурулардың диагностикасын жасауға көмектесіп жүр. Одан қала берді дәрі жасайтын болды (AlphaFold, BioGPT). 2030 жылға қарай генетикалық анализ, оңалту жұмыстарын басқаруға да жасанды интеллект кірістіріледі деседі. 

3. Автоном жүйелер

Робототехниканың да даму қарқыны мықты. Жүргізушісіз жүретін көліктер, дрондар, қоймада істейтін роботтар біртіндеп қалыпты жағдайға айналады. Қазір бала күтуші робот, қарттарға серік болатын роботтар жасап жатқан стартаптар бар.

4. Шығармашыл ЖИ

Жасанды интеллект қазір өлең жазады, видео түсіреді, сурет салады (мысалы OpenAI шығарған Sora), 3D-дизайн  мен музыканы генерация жасайды. Ал 2030 жылға қарай кино, жарнама, журналистика, геймдизайнда тіпті бірлесіп автор болады деседі. Осылайша креатив индустрияға көп өзгеріс енеді.

5. Квантты ЖИ

Квантты есеп пен жасанды интеллект бірлесіп бұрын-соңды болмаған тың нәрселер жасайды деп күтіліп отыр. Мұндай жүйелер фармакология, криптография, метеоанализде қолданылатын болады. Әзірге прототиптер ғана бар. Бірақ алда коммерциялық мақсатта да пайдаланылады деген болжам бар. 

Жасанды интеллект адам өміріне қалай әсер етеді?

Еңбек нарығы өзгереді

Автоматизацияның арқасында қазір бар мамандықтардың 30 пайызы керек емес болып қалады. Мұндай деректі McKinsey келтірген. Соның ішінде есепші, заңгер, оператор, жүргізушілер де бар. Бірақ соның орнына жаңа рөлдер пайда болады деп отыр. Мысалы жаттықтырушылар, әдеп инженерлері, дижитал егіздер архитекторы, сенім кураторлары, нейродизайнерлер және т.б. 

Білім саласында да өзгеріс көп болады

Бұл сала әр балаға жеке бейіммен қарай бастайды деседі. ЖИ-тьюторлар әр оқушының үлгерімін, әлсіз тұсын бақылап отырады. Сөйтіп мұғалімдер мен жасанды интеллект бірлесіп жұмыс істейтін «хайбрит мектептер» пайда болады.

Дижитал теңсіздік мәселесі

Жасанды интеллектінің пайда болғаны әлеуметтік стратификацияға себеп болады. Олай дейтініміз оның игілігін бай адамдар өмірін жақсарту үшін қолданады да, ал кедей тұратындар дижитал құралсыз қалады. Ол дегеніміз теңсіздік орнайды деген сөз.

Технологиялық челленждер

Қауіпсіздікке қатысты

Жасанды интеллектіні бұзып алуы мүмкін. Болмаса, фишиң, deepfake, тіпті қаруды қашықтан басқару үшін де қолдануы ғажап емес. Қазірдің өзінде ЖИ тудыратын қауіпке қарсы тұратын жүйелер жасалып жатыр. Яғни «ЖИ мен ЖИ соғысы» енді қызады десек болады. 

Ашықтық мәселесі

Нейрон желісі қабылдаған әлдебір шешімді түсіндіру көбіне қиынға соғып жатады. Әсіресе медицина, қаржы, заң жүйелерінде мұндай проблема бар. Сол тұрғыдан алып қарағанда жасанды интеллектінің ашықтығы басты челленждердің бірі десе, артық болмас. 

Көп энергия кетеді

GPT-4  сынды модельдерді үйретуге сағатына жүздеген мегаватт керек. Климат кризисі болып жатқан шақта бұл мәселені жылы жауып қоюға болмайды. 2030 жылға қарай «жасыл жасанды интеллект» һәм энергия жағынан тиімді алгоритмдер мен чиптер шығады.

Әдеп мәселесіне қатысты 

Жасанды интеллектіге құқық беріле ме?

Егер жасанды интеллектке сана берілсе (мына қарқынмен дамып жатса, ол да мүмкін деген пікір жоқ емес), философтар мен заңгерлер интеллектінің еңбегін құқықсыз қолдануға бола ма, болмай ма деген сұрақтың төңірегінде ойланады. Бұл тақырып қазірдің өзінде көтеріліп жүр.

ЖИ жасаған әрекеттерге кім жауапты?

Жүйе автономды екені түсінікті. Ал енді кредит, диагноз, жол апаты туралы қабылданған шешімге кім жауап береді? Компания ма, жасаған бағдарламалаушы ма, әлде қолданушы ма? Бұл сауалға қатысты да біржақты жауап әлі жоқ. 

Фейк көп

Жасанды интеллект өтірікті шындай жасай алады. Әсіресе, дауысты салып, фейк видео жасап, мәтін дайындап беруге шебер. Бұл болса, жалған ақпаратты көбейтеді деген сөз. Ондайда контентті верификациялап, құқықтық механизмдер ойластыру керек болады. 

Болашаққа қатысты сценарийлер

Бәрі жақсы болса…

ЖИ-дің арқасында адам күнделікті күйбең тірліктен босайды, білім мен медицина қолжетімдірек болады, кедейлік деңгейін түсіреді, гуманитарлық миссияларды күшейтеді. 

Ал керісінше кетсе…

Жасанды интеллект теңсіздікті күшейтеді, диктатура мақсатында қолданылады, тәуелділік тудырып, жаппай жұмыссыздыққа жол ашады. Тіпті бақылаудан шығып кетуі де мүмкін. Соғысу үшін пайдаланылуы да ғажап емес.

Еске сала кетсек, оқушылар мен студенттерге көмегі тиетін нейрон желілері мен видео генерациялайтынЖИ модельдері туралы жазған едік. 

Сондай-ақ оқыңыз