Жаңалықтар

Асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы: кімдерге, қалай төленеді

Асыраушысынан айырылған отбасына қандай көмек көрсетіледі/ Фото: kursiv.media архиві

Елімізде асыраушысынан айырылған отбасына мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Әлеуметтік төлемдер негізінен еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелеріне берілетін әлеуметтік жәрдемақыға, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерге қатысты (марқұм  міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан болса).

Uchet.kz порталы ұсынған ақпаратқа сүйенсек,  асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алу құқығы мына күннен бастап туындайды:

  • өлім туралы куәлікте немесе хабарламада көрсетілген қайтыс болған күннен бастап;
  • асыраушысын хабар-ошарсыз кетті немесе қайтыс болды деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімдері.

Кімдер көмек ала алады?

Егер адам қайтыс болса, оның еңбекке қабілетсіз туыстары асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы ала алады. Олар:

  • 18 жасқа дейінгі балалар – туған да, асырап алынған да;
  • 18 жасқа дейінгі аға-інілері, апа-қарындастары және немерелері – егер оларды асырайтын ата-аналары болмаса;
  • кәмелет жасына дейін мүгедек болып танылған ересек жандар;
  • жасы келген жұбайы немесе ата-анасы – зейнеткерлік жаста болса;
  • әжесі, атасы, аға-іні, апа-қарындастары – егер олар жұмыс істемесе және марқұмның 8 жасқа дейінгі баласына қарап отырса;
  • күндізгі бөлімде оқитын, 23 жасқа дейінгі студенттер – егер марқұмның асырауында болса;
  • әжесі мен атасы – егер оларға қарайтын адам болмаса.

Қандай төлемдер қарастырылған?

Екі түрлі төлем көзделген:

1. Мемлекеттік жәрдемақы – бұл белгіленген мөлшердегі төлем, оны алуға құқығы бар адамдар арасында бөліп береді.

2. Әлеуметтік төлемдер – егер марқұм ресми түрде жұмыс істеп, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жарна төлеп келген болса, онда отбасы мүшелері қосымша төлемдер ала алады.

Егер отбасындағы біреу өз үлесін жеке алғысы келсе – бұл да мүмкін.

Төлемдер алу үшін не қажет?

  • жәрдемақы рәсімдеу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» (ХҚКО) бөлімшесіне мына құжаттармен жүгіну керек:
  • жеке куәлік;
  • өлім туралы куәлік немесе адам із-түзсіз жоғалды деген сот шешімі;
  • туыстықты дәлелдейтін құжаттар;
  • ақша түсетін банктік шоттың нөмірі.

Кей жағдайларда қосымша құжаттар қажет болады – мысалы, егер өтініш беруші студент болса, оқу орнынан анықтама, ал қамқоршылық болса – соған қатысты құжат қажет.

Егер марқұм әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан болса, отбасы мүшелері қосымша төлемдерге де өтініш бере алады. Құжаттар мен рәсімдеу талаптары – дәл осындай.

Алдағы уақытта Қазақстанның барлық аймағында әлеуметтік төлемдердің мөлшері теңестірілуі мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова өңірлердегі әлеуметтік төлемдердің мөлшерін теңестіру жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын.