Банк пен қаржы

Динара Құлыбаева күйеуіне тиесілі компанияға қайта оралды

Динара Кулибаева
Динара Құлыбаева / Фото: ашық дерек

2024 жылы қарашада Тимур Құлыбаевқа тиесілі жылжымайтын мүлікті басқаратын «Mercury properties» ЖШС-ның иелері ауысты. Компания қайта тіркеуден өтті. Бұған дейін «Mercury properties» ЖШС-ның иелері — Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Кипрос» ЖШС мен Динара және Тимур Құлыбаевтардың ұлы Асқар Алтай болатын. Қайта тіркеуден кейін, Асқар Алтай компания құрылтайшылары қатарынан шықты. Оның орнына Динара Құлыбаева кірді.

27 млрд теңге көлеміндегі кірісі бар «Mercury properties» Тимур Құлыбаевты Қазақстандағы ең ірі рентье иелерінің біріне айналдырып отыр.

Қайта тіркеуден кейін құрылтайшылар қатарында «Кипрос» ЖШС (Тимур Құлыбаев деп оқыңыз) және оның жұбайы Динара ғана қалды. Ол – бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші қызы.

Тимур Құлыбаев Forbes Kazakhstan журналының рентье иелерінің рейтингінде екінші орында тұр. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласына тиесілі компания – Қазақстандағы жылжымайтын мүлікпен айналысатын ең ірі холдинг. Холдингтің басқаруындағы сауда және бизнес орталықтарының, қонақүйлер мен қоймалардың жалпы аумағы 1 млн шаршы метрден асады. Олар елдің алты қаласында орналасқан. Forbes дерегінше, 2024 жылғы компанияның табысы – 27 млрд теңге.

«Mercury properties» ЖШС-не тиесілі нысандар:

Астанада:

  • «Вега» бизнес орталығы
  • KeruenCity ОСО-дағы үлес
  • Keruen ОСО
  • Talan Gallery ОСО
  • Emerald Tower БО
  • «КМГ» БО
  • «МБЦ» БО
  • «Лукойл» БО
  • Marden БО

Алматыда:

  • «Спутник» ОСО
  • «Жасыл базар» сауда орталығы
  • Moskva ОСО
  • Абылай хан, 77 мекенжайындағы БО
  • Чайковский, 95 мекенжайындағы БО
  • Назарбаев, 130 мекенжайындағы БО
  • Forum Almaty ОСО-дағы үлес
  • Globus ОСО
  • «Пассаж» СО
  • Car City СО
  • Promenade ОСО
  • «Аэровокзал» СО
  • «Глобус» БО
  • «Стандарт» БО
  • Baykonyr БО
  • Almaty Towers БО

Шымкентте:

  • «Қайнар» бизнес орталығы

Динара Құлыбаева 2015 жылдан 2023 жылға дейін «Mercury properties» ЖШС құрылтайшылары құрамында болған. 2023 жылы оны ұлы Асқар Алтай ауыстырған еді. Ал соңғы өзгерістерден кейін Динара Құлыбаева қайтадан құрылтайшылар қатарына кірді.

Динара және Тимур Құлыбаевтар Forbes нұсқасы бойынша әлемдегі ең бай адамдардың тізіміне енген. Динара Құлыбаева 5,4 млрд долларлық байлығымен 664-орында тұр, ал оның жұбайы Тимур Құлыбаев 5,3 млрд доллармен бір саты кейін орналасқан.