
Алматы облысы полициясы «Хуторский» тобының басшысы деп аталып жүрген Хасан Қасымбаевқа қатысты қылмыстық істің қай сатыда тұрғанын хабарлады.
«Бұқаралық ақпарат құралдарында Хасан Қасымбаев және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық істің сотқа жолданғаны туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат жарияланды.
Бұл қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, қазір іс материалдары тараптарға танысу үшін ұсынылған», – деп мәлімдеді полиция департаменті.
Танысу процесі аяқталғаннан кейін іс айыпталушыларды сотқа беру мәселесін шешу үшін прокуратураға жолданады.
Бұған дейін Қасымбаевқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталғаны белгілі болды.
Айта кетейік, 2024 жылдың қарашасында Қасымбаев қамауға алынды. Сол кезде Хасан Қасымбаевтың туған ағасы Аслан Қасымбаевтың Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып отырғаны белгілі болды.
2025 жылдың қаңтарында оның қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша күдікке ілінгені айтылды: адам ұрлау, бопсалау және денсаулыққа зиян келтіру.
2025 жылдың сәуірінде Шерзат Полаттың қазасына байланысты сот басталды. Марқұмның әкесі сот отырысы кезінде бірнеше рет «Хуторский» тобы туралы айтты. Қаржаубай Нұрымовтың айтуынша, сотталушылардың бірі сол күні өзін «хуторский» деп таныстырған.
«…Дүкенге Нұрбол келді, көлікте кәмелетке толмаған жас жігіт болды. Көліктен шығып «кім?» деп сұрады. Балаға ашуланып кетпесін деп, «мен соқтым» дедім. «Танымайсыңдар ма, мен Нұрболмын, хуторскиймін, біз Хутордің жігіттеріміз» деді. Нұрбол мас екен. Дархан жетім бала ғой, неге жетім баланы ұрасыңдар деп айтты. Ұстап алып, оны ешкім ұрған жоқ», – деді Нұрымов.