Тоқаев Пәкістанның құрлық әскері бас қолбасшысымен кездесті

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Тоқаев Пәкістан қарулы күштері құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Асим Мунирді қабылдады
Тоқаев Асим Мунирді қабылдады/фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан қарулы күштері құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Асим Мунирді қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Кездесуде қорғаныс және әскери білім беру саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ екі ел арасындағы байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.

Президент Қазақстанның Пәкістанды Оңтүстік Азиядағы маңызды серіктесі ретінде қарастыратынын атап өтті. Сонымен қатар екіжақты қарым-қатынастардың оң қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталды.

Тоқаевтың айтуынша, екі елдің экономикалық, соның ішінде сауда, көлік және логистика салаларындағы байланыстарын одан әрі ілгерілетуге айтарлықтай әлеуеті бар.

Асим Мунир Мемлекет басшысына Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шарифтің ықыласын жеткізді. Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Қазақстан мен Пәкістанның қорғаныс ведомстволары арасындағы ықпалдастықты жоғары бағалады.

Әңгімелесу барысында екіжақты ынтымақтастықты өркендетуге тың серпін берудің, экономиканың түрлі секторындағы өзара мүддеге сай келетін мүмкіндіктерді толық жүзеге асырудың маңызына назар аударылды.

Айта кетейік, 2024 жылдың күзінде Пәкістанның Исламабад қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкімет басшылары кеңесінің отырысы өтті. Қазақстан Пәкістан нарығына жалпы құны 490 млн доллардан асатын 85 тауар түрі бойынша жеткізу көлемін арттыруға, оның ішінде жеткізілетін мұнай-химия, металлургия, химия, фармацевтика салаларының, сондай-ақ тамақ өнеркәсібі мен машина жасау өнімдерінің номенклатурасын кеңейтуге дайын екені айтылды.

Сондай-ақ оқыңыз