Берденовке жасалған қастандыққа қарамастан әкімдікте күзет күшейтілмейді

Шымкент қаласы әкімі Руслан Берденовке жасалған шабуылдан кейін мемлекеттік қызметшілердің күзеті күшейтілмейді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді, деп хабарлайды KursivMedia.
«Мемлекеттік қызметші қоғамның бір мүшесі, Қазақстан азаматы. Мемлекеттік қызметкер үшін арнайы күзет қызметінің қажеті жоқ. Берденов мырзаның, менің де, қала әкімінің де ешқандай күзеті жоқ», – деді Сәрсен Құранбек.
Айтуынша, әкімге немесе оның орынбасарларына күзет немесе қару берілмейді.
«Ештеңе өзгермейді. Бұған дейін қалай болды, солай қалады», – деді ол.
Брифинг барысында журналистер Руслан Берденовтің көлік жүргізушісіне қатысты да ақпаратта нақтылады.
«Берденов мырзаның жүргізушісі күдіктінің ұсталуына әсер еткен болуы керек. Көлігімен жанап өткен болса керек, бірақ күдіктіні полиция қызметкерлері ұстады», – деді әкім орынбасары.
Айта кетейік, 21 сәуірде Шымкент қаласының әкімдігі алдында Руслан Берденовке оқ атылды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды.