Әнші Сиви Махмудидің бұрынғы күйеуі 5 жылға сотталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Сиви Махмудидің бұрынғы күйеуі сотталды/коллаж kursiv.media

Қазақстандық әнші Сиви Махмудидің бұрынғы күйеуі Аңсар Қажмұқанұлы 5 жылға сотталды. Ол қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылды. Қылмыстық іс Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды, деп хабарлайды KursivMedia.

Астана соты таратқан ақпаратқа сәйкес, сотталушы К. жәбірленуші А. және оның туыстарының 50 мың АҚШ доллары сомасындағы ақшасын жымқырған.

Бастапқыда жәбірленушінің туысы аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды заңсыз сақтау фактісі бойынша тергеу изоляторына қамалған. Мұны білген К. полиция қызметкерлерінің арасында іс жүзінде танысы жоқ бола тұра, қалыптасқан жағдайды пайдаланып, жазаны жеңілдету үшін қаражатты полиция қызметкерлеріне беремін деп алдап алаяқтық жасаған.

Сотталушының жас балаларының болуы, кінәсін мойындауы, шын жүректен өкінуі қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде танылды.

Ол 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Аңсар Қажмұқанұлы өзіне тағылған айыпты мойындады.

Аңсар Қажмұқанұлы – 1985 жылы Жамбыл облысында туған, ажырасқан, кәмелетке толмаған 3 баласы бар. Сот барысында оның жұмыссыз екені, бұрын сотты болмағаны айтылды.

Аңсар Қажымұқанұлы мен әнші Сиви Махмуди он жылдай некеде болған. Әнші бұған дейін 2020 жылы ажырасқанын, содан кейін Аңсар Қажымұқанұлымен араласпайтынын айтқан. Тіпті өз есімін экс-күйеуіне қатысты іспен байланыстыра бермеуді сұрады.  

Сондай-ақ оқыңыз