Жаңалықтар

Ресми некеде жоқ отбасылар ажырасқанда балаға алимент төлене ме

Ресми некеде жоқ отбасылар ажырасқанда балаға алимент төлене ме
Ресми некеде жоқ отбасылар ажырасқанда балаға алимент төлене ме/Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев ресми некелеспеген отбасылар ажырасқан жағдайда баланың әлеуметтік қамтылуы қалай болатынын айтты.

Министр Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, неке мен отбасы мәселелеріне қатысты заңда көзделген түсініктерді ұстанатынын, оларды діни көзқараспен араластыруды, ұғымдарды қайта қарауды жоспарлап отырмағанын жеткізді.

Журналистер соған қарамастан, Қазақстанда мұсылмандық шарт бойынша неке қиып, кейін ажырасып жататын жағдайлар кездесетінін, мұндайда баламен қалған әйел мемлекеттің қолдауынан айырылатынын айтып, министрлік мұны қалай реттейтінін сұрады.

Ерлан Сәрсембаевтың сөзінше, мұндайда балалар мемлекет назарынан тыс қалмайды.

«Мұндай жағдайда неке жасалған, жасалмағанына қарамастан, тараптардың бірі баланы бағуға тиісті төлемді жасамаса, мемлекет тарапынан міндеттеме қарастырылған. Оған сай сот орындаушылар тәртібінен тиісті қаражат өндірілетін болады»,– деді ол мәжіліс кулуарында.

Есебі жүргізілмегендіктен, діни шарттар бойынша қиылып жатқан неке туралы статистика жоқ. Ал ресми дерек бойынша былтыр 124 мың жұп шаңырақ көтерген. Ажырасу жағдайлары соның жартысына жуықтайды. Былтыр 61 мың жұптың жолы екіге айырылған.

Әлеуметтік зерттеу жүргізген ғалымдар Қазақстанда отбасы мен неке институты ұзақ уақыт бойы трансформация кезеңін өткеріп жатқанын айтады. Зерттеу бүгінде аз баламен шектелу, қаржылық тұрақтылыққа мән беру, немере бақпау сияқты тенденциялардың артқанын көрсеткен.