
Өзбекстан үшін шетелден келетін ақша аударымдары – ел экономикасының маңызды бөлігі. Бұл қаражат көбіне шетелде жұмыс істейтін өзбек азаматтарының отбасыларына жіберетін табысы, яғни олардың күнкөрісіне, тұтынуына және кейде шағын бизнес бастауына тікелей әсер етеді.
Өзбекстан экономикасында шетелдік валютаның тұрақты ағыны қажет, ал еңбек мигранттарының аударымдары – осы валюталық түсімдердің маңызды бөлігі. Ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы көптеген жанұялар үшін бұл – жалғыз тұрақты табыс көзі. Ел ішінде жұмыс орындарының жеткіліксіздігі мен жалақының төмендігі өзбек азаматтарын сыртқа жұмыс істеуге итермелейді, ал олар тапқан табысын туған-туыстарына жібереді.
Дүниежүзілік банк мәліметінше, 2024 жылы Өзбекстанға келген еңбек мигранттарының аударымдары елдің ЖІӨ-сінің шамамен 14%-ын құраған. Сондықтан Қазақстаннан Өзбекстанға жіберілетін аударымдардың артуы – бұл тек цифр емес, елдің әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерімен тығыз байланысты құбылыс.

Өзбек еліне Қазақстаннан қанша қаражат кетіп жатыр
Қазақстаннан Өзбекстанға жіберілетін ақша аударымдары жыл сайын құбылып отырғанымен, соңғы жылдары айтарлықтай өсім байқалады.
ҚР ҰСБ ақпараты бойынша 2020 жылы аударымдар көлемі 372,1 млн АҚШ долларын құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 298,9 млн долларға дейін төмендеген. Бұл кезеңдегі төмендеу пандемиядан кейінгі экономикалық қиындықтармен және еңбек нарығындағы тұрақсыздықпен байланысты болуы мүмкін. Алайда 2022 жылы жағдай күрт өзгеріп, Қазақстаннан Өзбекстанға жіберілген қаражат көлемі 646,3 млн долларға дейін өскен. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда екі еседен астам өсім. 2023 жылы бұл көрсеткіш 588,6 млн долларға сәл төмендегенімен, жалпы деңгей жоғары болып қалды.
Ал 2024 жылы ақша аударымдары бұрын-соңды болмаған рекордтық деңгейге жетіп, 795 млн долларды құрады. Бұл – 2023 жылмен салыстырғанда 35%-ға көп. Мұндай өсім Қазақстанда жұмыс істейтін өзбекстандық мигранттар санының немесе олардың табысының артқанын білдіреді. Жалпы, бұл деректер еңбек миграциясының екі ел экономикасы үшін де маңызды екенін және Өзбекстандағы көптеген отбасылар үшін шетелден келетін ақша аударымдарының негізгі табыс көзі болып отырғанын көрсетеді.

Жалпы аударым көлемі азайып жатса да, Өзбекстанның үлесі өсуде
2024 жылы Қазақстаннан шетелге аударылған жалпы ақша көлемі 789,9 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда (2023 жылы – 963,4 млрд теңге) едәуір азайған. Дегенмен, Өзбекстанның осы жалпы аударымдардағы үлесі артқан. Атап айтқанда, 2024 жылы Қазақстаннан Өзбекстанға аударылған қаражат жалпы көлемнің 29,7%-ын құрап отыр. Бұл — соңғы бес жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш.
Салыстырмалы түрде қарасақ, 2020 жылы бұл үлес небәрі 19,5% болса, 2021 жылы 29,5%-ға бірден өскен. Содан бері бұл көрсеткіш тұрақты түрде жоғары деңгейде қалып келеді: 2022 жылы — 28,8%, 2023 жылы — 27,5%.
Жалпы алғанда, шетелге аударылатын қаражат көлемі азайғанымен, Өзбекстан бағытындағы аударымдар біршама тұрақты сақталып, тіпті үлесі өсіп келеді. Бұл Өзбекстан азаматтарының Қазақстандағы еңбек миграциясындағы рөлі артып келе жатқанын немесе олар елге көбірек ақша жіберіп жатқанын көрсетеді.
Өзбекстан үшін ақша аударымдары экономиканың маңызды бөлігі
Дүниежүзілік банк Еуропа және Орталық Азия (ЕОА) аймағындағы көші-қон үрдістеріне қатысты жаңа зерттеуін жариялады. Онда қазіргі көші-қон бағыттары, негізгі мәселелер мен жаңа мүмкіндіктер талданған. Бүгінде ЕОА аймағында шамамен 100 миллион мигрант тұрады — бұл жаһандық көші-қон халықының үштен бірі.
«Табыс деңгейіндегі айырмашылық, демографиялық теңгерімсіздік, климаттың өзгеруі мен әскери жанжалдар көші-қон ағынының артуына әлі де себеп болып отыр», — делінген Дүниежүзілік банктің мәлімдемесінде.
2023-2024 жылғы деректерге сәйкес, Тәжікстан мен Қырғызстаннан шыққан еңбек мигранттарының 80%-дан астамы Ресейге бағытталған.
Ал Өзбекстаннан келген мигранттар арасында бағыттар әртараптандырылған: олардың 57%-ы Ресейде, 15%-ы Қазақстанда, ал 10%-ы Украинада жұмыс істеген.

Бұған дейін хабарланғандай, 2025 жылдың басында шетелде жұмыс істейтін өзбекстандықтардың саны 1,35 миллионнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 34%-ға азайған. Ресейдегі мигранттар саны 1,7 есе қысқарған. Сонымен бірге, еңбек мигранттарының елге қайта оралуы байқалып отыр. Жақында Өзбекстан үкіметі шетелде жүрген азаматтарды Жаңа Ташкент құрылысын дамытуға шақырды. Құрылыс саласында 38 мамандық бойынша мамандар қажет — олардың қатарында тас қалаушылар, сантехниктер мен электриктер бар. Жалақы мөлшері 8–15 миллион сум аралығында болады деп хабарланды.
Дүниежүзілік банктің бағалауынша, еңбек миграциясы Орталық Азия елдерінде халықтың табыс көзі ретінде аса маңызды рөл атқарады.
2024 жылы еңбек мигранттарының аударымдары Тәжікстан ЖІӨ-нің 45%-ын құрап, бұл көрсеткіш әлем бойынша ең жоғары болып тіркелді. Қырғызстанда бұл үлес 24%, ал Өзбекстанда — 14% болған.

Шетелде жұмыс істейтін азаматтар табысын екі-үш есеге дейін арттыра алады, бұл олардың отбасыларының өмір сүру деңгейін айтарлықтай жақсартады. Мәселен, Қырғызстанда ақша аударымын алатын отбасылар арасындағы кедейлік деңгейі 10%-дан төмен, ал мұндай қолдау болмаған жағдайда бұл көрсеткіш 50%-дан асып кетер еді. Өзбекстанда ақша аударымдары болмаған жағдайда, кедейлік деңгейі 9,6%-дан 16,8%-ға дейін көтерілер еді деген болжам бар.