Арман мен жауапкершілік арасындағы таңдау: 90+1 фильміне рецензия

Жарияланды 23 Сәуір 2025 11:19

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Қазақ футболы жайлы тұңғыш 90+1 фильміне рецензия / фото: kazakhcinema

2025 жылдың 22 сәуірі күні Алматыда қазақ футболы тақырыбындағы тұңғыш көркем туынды – «90+1» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Спойлер – футболға қызығушылығыңыз болмаса да ерекше әсер алып, көзіңізге жас аласыз.

Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен түсірілген. Фильмнің режиссері – «Қазақша бизнес» пен «Әкім» жобаларымен танымал Тимур Дулатов, ал басты рөлдерде Қуаныш Керімқұлов, Алмат Сақатов және Артур Асқарұлы ойнады.

Аулада доп тепкен бала арман

Фильм жасөспірім футболшының тағдыры арқылы көптеген қазақстандық балалардың арманын бейнелейді. Басты кейіпкер – футболды жан-тәнімен сүйетін, бала кезінен арманына жетуді көздеген қарапайым қазақтың баласы. Алайда өмір оны қиын таңдау алдында қалдырады: бала арманына адал болу ма, әлде отбасының жағдайын ойлап, үлкен жауапкершілік арқалау ма?

Оқиға желісі футболды жақсы көретін әрбір баланың ішкі жан дүниесін қозғайды. Аулада ескі аяқ киіммен доп қуып өскен ұлдардың өмірі, болашағы, арманы – бәрі осы бір фильмде тоғысқан.

Режиссура мен стиль

Фильмнің режиссерлік шешімдері әсерлі: ауладағы шынайы атмосфера, тастан жасалған қақпалар, балалар арасындағы шынайы достық пен бәсеке – барлығы көрерменді елітіп әкетеді. Экрандағы қарқынды футбол көріністері мен өмірлік драма қатар өріліп, туындыны бір деммен көруге мүмкіндік береді.

Кейбір сәттер шетелдік аты аңызға айналған «Goal!» немесе «Пеле» фильмін еске түсіргенімен, «90+1» қазақы менталитет пен тұрмыстық шындыққа терең негізделген. Ата-ананың уайымы, «доп тепкен – тозар» деген көнерген түсінік, тұрмыстық қиындықтар – барлығы да біздің қоғам үшін аса таныс әрі өзекті.

Идея мен аудитория

Жоба авторы, актер Қуаныш Керімқұлов 5 жылдан бері ойлап, демеуші іздеп түсірілген «90+1» туындысы тек футбол туралы баяндайтын фильм емес. Бұл – арман, отбасы, мақсатқа жетудегі мінез бен қайсарлықты бейнелейтін мотивациялық туынды. Жасөспірімдер мен жастарға арналған бұл туындының басты идеясы – қандай қиындық болса да, арманыңнан бас тартпа. Бұл – әр қазақстандық жас көрерменнің жүрегінен орын табатын, шабыт пен сенім сыйлайтын фильм.

«90+1» – қазақ киносы үшін тың қадам. Фильм тек футболсүйер қауым үшін емес, арман қуып жүрген әрбір жасқа арналған мотивациялық туынды. 24 сәуірден бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрерменге жол тартады.

Сондай-ақ оқыңыз