Жаңалықтар

Қазақстан мен Ауғанстан арасында 140 млн долларға келісім жасалды

Қазақстан мен Ауғанстан 140 млн долларға келісім жасады / Фото: gov.kz

Қазақстан мен Ауғанстан арасында  140 млн долларға келісім жасалды. Бұл келісімге Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің бастамасымен Ауғанстанға экономикалық миссиямен барған делегация қол жеткізген. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Бұл Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Ислам әмірлігі арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтудегі маңызды қадам. Миссия шеңберінде отандық өндірушілердің тауарлары, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешен, тоқыма және өңдеу өнеркәсібі өнімдері ұсынылған қазақстандық өнімдердің көрмелері өткізіледі», – делінген баспасөз хабарламасында.

Негізінен Кабулдағы сауда-экономикалық миссияға 2024 жылдың қазан айында қол қойылған. Бұл іс-шара негізінде «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Ауғанстанның негізгі экономикалық институттарымен ынтымақтастық туралы меомарндумға қол қойды. Олар мынадай:

  • Ауғанстанның сауда-өнеркәсіп палатасы (ACCI);
  • Өнеркәсіп және жер қойнауын пайдалану саласындағы Сауда-өнеркәсіп палатасы (ACIM);
  • Ауғанстанның халықаралық көрме орталығы.

Осылайша, екі тарап жалпы 140 млн АҚШ долларын құрайтын келісімдер мен коммерциялық құжаттарға қол қойған.

Айта кетсек, Серік Жұманғарин Қазақстанның Ауғанстанға жаңа және ескі көліктер экспорттай бастайтынын айтқан. Министр бұл салаға отандық өндірушілердің де қызығушылық танытып отырғанын мәлімдеді.