Қарақат Әбден бренд өнімдердің көшірмесімен күресуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден соңғы кезде бренд тауарлардың көшірмесі көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, мемлекеттік органдардан саланы бақылауға алуды сұрады.
Депутаттың айтуынша, соңғы кездері Instagram платформасында брендтік өнімдердің көшірмелері жиі жарнамаланады. Онда сатушылар тұтынушыларға миллиондаған қаражатты үнемдеп, өнімнің репликалары мен көшірмесін сатып алуды ұсынады. Әбден мұның зияткерлік меншік туралы заңнамаға қайшы екенін айтады.
«Сатушылар атақты брендтерді ашық пайдаланып, «ресми дүкендерден емес, өздерінен сатып алса, миллиондарды үнемдей аласыз» деп сендіреді. Сонымен қатар контрафактілік өнімдерді жасау фактілері тіркелуде. Атап айтқанда, сауда орындарында брендтік тауарлардың көшірмелерін жиі көруге болады. Айтыңызшы, мұндай өнімді жарнамалау және сату басқа біреудің тауар белгісін пайдалану құқығын бұзу болып санала ма? Өйткені бұл да зияткерлік меншіктің өнімі. Олай болса, неге мемлекеттік органдар көп жағдайда ешқандай шара қолданбайды?», – деді депутат
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мұндай зияткерлік меншік иесіне тиесілі брендтік тауарлардың көшірмесін сатып, оны жарнамалау заңға қайшы екенін айтты. Мұндай жағдайда министрліктің тексеріс жүргізіп, тиісті шаралар қолданатынын мәлімдеді.
«Өткен жылы мемлекет бөтен тауар белгісін пайдалану бойынша 300-ге жуық құқық бұзушылықты анықтады. Мемлекеттік органдар мұндай өнімдерді базарларда жарнамалауды шектеу бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл саланы бақылауды күшейтіп жатырмыз», – деді министр.