Балаева Азамат Сатыбалды кеткен соң, «Қазақфильмде» жағдай жақсара бастағанын айтты

Аида Балаева Азамат Сатыбалды кеткен соң, «Қазақфильм» киностудиясының жағдайы біршама жақсарғанын, қаржылық жағдайы да реттелгенін жеткізді. Бұл туралы министр Үкіметтен кейін өткен брифингте айтты.
Журналист қазіргі таңда «Қазақфильм» киностудиясын орыс тілді басшы басқарып отырғанын, көптеген киногерлердің бұған қарсы екенін жеткізді. Балаева киностудияны жақсы менеджер басқарып жатқанын, нәтижесінде киностудия жұмысы біршама реттеліп қалғанын айтты.
«Қазақфильмді» актер де, режиссер де емес, нақты менеджер басқаруы керек. Қазір дүрбелеңге салып жүрген бірнеше адам кезінде сол «Қазақфильмде» жұмыс істеген, бірақ киностудияның оңтайлы дамуына әсер ететіндей жұмыс жасамаған. Олар жоқ жерден дау жасап жүр. Азамат Сатыбалды кеткеннен кейін «Қазақфильмнің» менеджментін мен өз бақылауыма алып, оның жұмысын назарымда ұстап отырмын. Соның нәтижесінде біз «Қазақфильмнің» қаржылық көрсеткішін жақсарттық. Табыс түсе бастады», – деді министр.
Министр сонымен бірге «Қазақфильм» құрдымға кетті» деген сөздердің шындыққа жанаспайтынын, бұлайша «аласапыран жасауға» еш негіз жоқ екенін айтты.
«Қазақфильм» молаға айналды деген әңгіме шындыққа сай емес. Президент арнайы заңға қол қойды. Оған сәйкес кино саласына бөлінген қаражаттың 30%-ын алуға толық құқы бар. Бұл оған қаржылық дербестік беріп, кино туындылар шығаруына жол ашады. Көпшілік ойлайды, осы 30%-ды алған соң, «Қазақфильм» бұрынғыдай ақшаны шашады» деп. Олай болмайды», – деді министр.
Дау тудырып отырған кім?
Аида Балаева айтып отырған адамның бірі – белгілі режиссер әрі актер Ерлан Төлеутай. Өнер иесі ақпанда мәлімдеме жасап, «Қазақфильм» киностудиясының режимдік объектіге айналғанын айтып, басшылығының жұмысын сынға алды. Режиссер шетелдегі түрлі шараларға тек орыс тілінде сөйлейтін, киноға қатысы жоқ қызметкерлердің киностудия қаражатымен баратынын, ал кинотуындығы тікелей қатысы бар авторлар мен режиссерлердің, актерлердің өз қаражатына баруға мәжбүр екенін айтқан. Төлеутай киностудия басшылығы тарапынан қорлық пен кемсітушілікке ұшырағанын айтып шағымданған еді.
Бұдан кейін, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евегний Кочетов «қазақтілді режиссерлерге қысым көрсетіп, дискриминация жасалған жоқ» деп мәлімдеді.