Шымкент әкімі Берденовтің оққа ұшқанына қатысты неге ресми мәлімдеме жасамады

Шымкент әкімдігі Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Шымкент әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек бірнеше күннен бері әкімдіктің не себепті үнсіздік сақтағанын түсіндірді.
Құранбектің айтуынша, оқиға болған уақытта әкім мен аппараттың барлық басшылары жұмыста болған.
«Ол күні барлығымыз да әкімдікте жұмыста болдық. Оқиға орнында болып, жедел жәрдем шақырттық. Қала әкімі және оның орынбасарлары толығымен ота аяқталғанға дейін ауруханада күттік. Ота аяқталғаннан кейін, түнгі сағат 2-лер шамасында ғана үйді-үйімізге тарадық. Яғни біз жағдайды толық бақылауда ұстадық», – деді әкім орынбасары.
Сонымен бірге әкімдік өкілі оқиға болған күннен бері әкімдіктің не себепті үнсіз қалғанын түсіндірді. Айтуынша, тергеуге кедергі келтірмес үшін мәлімдеме жасаудан бас тартқан.
«Бұл оқиғадан кейін ешқандай әлеуметтік желіге шықпаған себебіміз, тіпті қазір де ешқандай түсініктеме бермеуіміздің себебі – қылмыс жасалған жерде біздің өкілеттілігіміз жүрмейді. Қылмыс жасалған жерде полицияның өкілеттілігі басталады. Ал полиция өкілеттілігі басталған жерде жергілікті атқарушы органның өкілеттігі тоқтайды. Бұл қылмысқа қатысты түсініктеме беру полиция департаментінің құзыретінде. Тергеу амалдары дұрыс жүргізілуі үшін бұл туралы ешқандай пікір бере алмаймыз. Біздің мәлімдемелеріміз тергеу ісіне кедергі келтірмес үшін біз ешқандай түсініктеме бере алмаймыз», – деді Құранбек.
Әкімдік өкілі полицияның дер кезінде әрекет етіп, күдіктіні ұстағаны үшін алғысын білдірді. Ал медицина қызметкерлері жоғары деңгейде ота жасап, өздерінің кәсіби біліктілігін көрсеткенін, солайша адам өмірін арашалап қалғанын атап өтіп, оларға да алғысын жеткізді.
Сондай-ақ Құранбек екі күннен бері ғаламторда тараған ешбір әңгіменің шындыққа жанаспайтынын айтты. Ал атысқа не себеп болғанын әкімдік ашып айтпады. Оның нүктесін тергеу қоятынын жеткізді.
Еске сала кетсек, 21 сәуір күні кешке Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қарулы шабуыл жасалды. Оқ атқан күдіктінің оқиға орнында ұсталғаны хабарланған болатын.