Жаңалықтар

TikTok платформасының жұмысы нашарлады: Балаева бұл ақпаратты жоққа шығарды

TikTok тренді қызықтырған Алматы облысы оқушылары да уланған еді/коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
TikTok платформасының жұмысы нашарлап кетті /коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Соңғы күндері Қазақстанда TikTok платформасының жұмысы нашарлап кетті. Көпшілік әлеуметтік желідегі видеолардың ашылмай, ұзақ уақыт жүктелмейтінін айтып шағымданып жатыр. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева платформаның жұмысында еш кінәрат жоқ екенін айтты.

«Біз TikTok өкілдерімен тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осыдан 1-2 ай бұрын бұл платформада заңсыз контенттің үлесі көп болып кетті. Ондай контентті алдырып тастау кезінде сондай техникалық ақаулар болды. Бірақ қазіргі таңда ондай проблемалар жоқ. Біз TikTok қоян қолтық жұмыс істеп жатырмыз. TikTok қазір қатпай, жүйелі жұмыс істеп жатыр. Платформаға техникалық тұрғыдан ешқандай ықпал жасалып жатқан жоқ», – деді министр.

Бірақ сайттардың жұмысындағы ақауларды анықтайтын платформа деректерінде TikTok әлеуметтік желісінің жұмысына қатысты шағымдардың 70%-ы қазақстандық тұтынушылардан түскені көрсетілген. Оның ішінде шағымдардың ең көбі Алматы тұрғындарынан түскен – 39%. Шағымдардың 20-ы Ұлытаудан, 16%-ы Жамбыл облысынан, 13%-ы Қарағанды облысынан, 8%-Астана тұрғындарынан келіп түскен.

Тұтынушылар Қазақстанда платформаның нашар жұмыс істейтінін айтып шағымданған. Онда «Қазақстанда дәл қазір TikTok істемей тұр, «Алматыда әлеуметтік желі дұрыс істемейді», «жүктелмей жатыр», «TikTok неге істемей жатыр?» деген сынды пікірлер көп.

Айта кетейік, елде TikTok палтформасының жұмысы бірталай уақыттан бері нашарлап кетті. Министр оның жұмысына заңсыз контенттерді жою шаралары әсер еткенін айтты.