Жаңалықтар

Қазақстандық QIC пен сингапурлық FCAP Investors жаңа қор құрады

Қазақстандық QIC пен сингапурлық FCAP Investors жаңа қор құрады / Фото: коллаж KursivMediа

Qazaqstan Investment Corporation (QIC) және Сингапурдың FCAP Investors компаниясы Forebright Life Science Technology Fund, L.P. атты тікелей инвестициялар қорын құрады. Қор 2035 жылға дейін жұмыс істейді, жалпы көлемі – 200 млн доллар. Бұл туралы QIC-тің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қор мультиомика технологиялары мен синтетикалық биология (адам генін инженерлеуден тыс) салаларындағы зерттеулерге бағытталады. Негізгі жобалар – жаңа туған балаларға кешенді скрининг қызметтерін көрсету, туа біткен аурулардың алдын алу және бақылау.

Жаңа ұйым Қазақстанда, Таяу Шығыс, Еуропа және Азия елдерінде жұмыс істейді.
Қазақстанда репродуктивті денсаулық пен профилактикалық медицинаға бағытталған жобалар қаржыландырылады. Сонымен қатар, келісім аясында:

  • Қазақстандық медицина қызметкерлері мен зерттеушілерге арналған оқу бағдарламалары,
  • Денсаулық сақтау саласындағы студенттер мен магистранттар үшін шетелдік тағылымдамалар қарастырылған.

Қорды құру бастамасы 2024 жылғы мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сингапурға ресми сапары кезінде көтерілген еді. QIC қоры 20007 жылы құрылған. Тікелей инвестиция және венчурлік қаржыландыруды дамытуға бағытталған «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы. Түпкілікті бақылаушысы – Қазақстан үкіметі.

Ал сингапурлық FCAP – биотехнология, фармацевтика, денсаулық сақтау, IT және экологиялық технологиялар саласына инвестициялайтын жетекші сингапурлық инвестициялық компания.

QIC жақында Sturgeon Emerging Opportunities II LP венчурлік қорына 3 млн доллар инвестициялады. Бұл қор IT саласындағы стартаптарды (оның ішінде Қазақстан, Орталық Азия, Әзербайжан, Грузия, Пәкістан және Бангладеш) қаржыландырады.

Сингапурдың Қазақстанға салғалы жатқан инвестиция бұл ғана емес. Осыған дейін  сингапурлық «GK Hyperscale Ltd» компаниясы Қазақстанда ауқымды гипермасштабталатын деректерді өңдеу орталықтарын салады деп хабарлаған еді. Жобаға 1,5 млрд доллар инвестиция тартпақшы.