Соғыс бітуі үшін Қырым Ресейдікі екенін мойындап, Украина НАТО-ға кірмеуі керек

АҚШ-тың Ресейдің Қырымды бақылауын ресми мойындауды ұсынды. Бұған Киев пен Еуропа одақтастары алаңдап отыр. Дегенмен Ұлыбритания мен Франция Украина кейбір аумақтарынан айырылуы мүмкін деген сценарийді де қарастырады. Дереккөздеріне сілтеме жасаған The Wall Street Journal осылай жазады.
Егер ондай жағдай болса, Лондон мен Париж Киевке қауіпсіздік кепілдіктері мен экономикалық қолдау көрсетуді талап етпек. Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің өкілі газетке берген түсініктемесінде, Ұлыбритания АҚШ-тың соғысты тоқтату ниетін қолдайтынын және бұл бағытта одақтастарымен тығыз жұмыс істеп жатқанын айтты.
АҚШ Украинаға соғысты тоқтатуға қатысты бірнеше ұсыныс ұсынды, деп жазды The Wall Street Journal. Нақты айтқанда, Қырымды Ресей аумағы деп тану, Украинаның НАТО-ға ұмтылудан бас тартуы және Запорожье АЭС маңындағы аумақтарды АҚШ бақылауына беру деген дүниелерді айтты. Вашингтон бұл ұсынысқа жауапты 23 сәуірде Лондонда өтетін саммитте күтеді. Саммитке Украина, АҚШ және Еуропа өкілдері қатысады.
Украина президенті Владимир Зеленский Қырымды Ресей жері ретінде мойындауды толық жоққа шығарды:
«Бұған қатысты ештеңе талқылауға болмайды. Бұл – Конституциямызға қайшы», – деді ол.
Сол сияқты басқа да жоғалтқан аумақтар бойынша Украина келісімге келуге дайын емес.
Ресей президенті Владимир Путин келіссөз басталуы үшін бес аймақтың Ресей жері ретінде мойындалуын және Украина әскерінің Донбасс, Запорожье мен Херсон облыстарынан шығарылуын талап еткен. Зеленскийдің айтуынша, Ресеймен келіссөз жүргізу үшін Мәскеу алдымен атысты тоқтатуға келісуі керек.
Бұған дейін Bloomberg өз дереккөздеріне сілтеме жасап АҚШ Қырымды Ресей аумағы деп тануы мүмкін деп жазған. Ал Трамп Ресей мен Украина осы апта ішінде бітімге келеді деп сенеді.