Тәліптер Қазақстанға Ауғанстанның кен орындарын зерттеуге рұқсат берді

Қазақстан геологтары тәліптер басқаратын ауғандық пайдалы қазбалар кен орындарында зерттеу жүргізді. Ол үшін ERG Exploration, Kazakhmys Barlau және «Қазатомөнеркәсіп» компанияларының өкілдері арнайы барған. Бұл жайлы премьер-министр сайтында жазылған.
Кабул қаласында өткен кездесуде Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Ауғанстан Ислам Әмірлігінің Кен өндіру және мұнай министрі Хедаятулла Бадри келісім жасасты. Жұманғарин ауған тарапына пайдалы қазбалардың әлеуетті кен орындарын зерттеуге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
«Бүгінгі таңда Қазақстан геологиялық барлау, қатты пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу саласында тәжірибесі бар кәсіби тау-кен компаниялары пулын құрды. Бұл компаниялар әлеуетті кен орындарын іздеуге және инвестиция салуға мүдделі. Осы бағытты талқылау үшін қазақстандық делегация құрамында ERG Exploration, Kazakhmys Barlau және «Қазатомөнеркәсіп» компанияларының өкілдері келді», — деді Серік Жұманғарин.
Мамыр соңында Қазақстан тарапы Ауғанстанның басқа провинцияларындағы әлеуетті кен орындарын зерттеу үшін тағы бір мамандар тобын жібермекші. Өз кезегінде, ауған тарапы қазақстандық тау-кен компанияларының сұранысы бойынша табиғи ресурстардың расталған қоры туралы мәліметтер беруге дайын екенін білдірді.
Осы сапар кезінде екі ел арасында 140 млн долларға келісім де жасалды.