
АҚШ президенті Дональд Трамп Федералдық резерв жүйесі басшысын жұмыстан шығармайтынын, сонымен бірге Қытайға баж салығын түсіруі мүмкін екенін мәлімдеді. Осының өзі қаржы нарығына әжептәуір әсер етті.
Инвесторлар Трамптың құрғақ мәлімдемелеріне үйренді
Сәрсенбі, 23 сәур күні Азия қаржы нарықтары әжептәуір «тірілді». Трамп Джером Пауэллді жұмыстан шығармайтынын айтқан соң, доллар бірден көтерілді. Себебі бұған дейін инвесторлардың америкалық активтерден көңілі қалған деп жазды Reuters.
Бұған қоса, Трамп Қытаймен келісімге отырып, тарифті 145%-ға дейін жеткізгісі келмейтінін мәлімдеді. Алайда Бейжің Вашингтонмен келіссөз үстеліне отырудан бас тартса, Ақ үй басшысы баж салығын көтеру туралы уәдесінде тұратынын ескертті.
Сейсенбі күні АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент АҚШ пен Қытай арасындағы теке-тірес бәсеңсуі мүмкін екенін айтқан.
«Ол туралы айтуға әзірге ерте, бірақ нарықтағы жағдай өзгере бастады. Күні кеше бәрі «Американы сатыңдар» деп ұрандатса, бүгін жағдай біршама өзгергені байқалады. Нарық президенттің қатқыл мәлімдеме жасап, кейін райынан қайтып жататынына бой үйрете бастады», – деп мәлімдеді Pepperstone брокерлік компанияның өкілі Крис Уэстон. Оның мәлімдемесін Reuters таратты.
Акциялар мен доллар
Қалай дегенмен, сәрсенбі күні Nikkei жапон индексі 2,3% көтерілсе, Оңтүстік Кореяның негізгі индексі 1,2%-ға нығайды.
Доллардың жапон валютасына шаққандағы бағамы 0,8% нығайып, бір доллар 142,72 иен болды. Доллар басқа да валюталарға қарағанда нығайып жатыр.
Мұнай қымбаттады
Сәрсенбі күні таңертеңгі саудада мұнай бағасы 1%-ға көтерілді. Өйткені инвесторлар Иранға қарсы салынған жаңа санкциялардың әсерін бағамдады. Оның үстіне олар Трамптың Федералдық резерв жүйесін сынауын доғарғанын да ескерді.
Reuters мәліметінше, Brent маркалы мұнай фьючерстері 61 центке қымбаттады. Енді 1 баррель 68,05 доллар тұрады. West Texas Intermediate маркалы мұнай бағасы да 60 центке көтерілді: 64,27 доллар.
Естеріңізге сала кетейік, сәуірдің басында ғана күрт құлдырап, Brent-тің бір баррелі 60 долларға дейін түсіп кеткен. Goldman Sachs сарапшылары мұнай 40 долларға дейін арзандауы мүмкін екенін ескерткен.