Жаңалықтар

Үкіметті сотқа бере алады: ұстаздар ақпаннан бері айлық ала алмай жүр

Мемлекеттің жекеменшік мектептер алдында 2023 жылдан қалған берешегі де бар / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Милош Муратовский

Қазақстанда жекеменшік мектептердегі мұғалімдер бірнеше айдан бері айлық ала алмай жүр. Себебі 2023 және 2024 жылдардағы берешекті толық өтемеген мемлекет биыл да қаржыны дұрыстап аудармай жатыр. Бұл туралы Kursiv.Media тілшісіне ұстаздар мен жекеменшік мектептер мүддесін қорғаушы ұйым хабарлады.

Республикада 800-ге жуық жекеменшік мектеп бар болса, олардағы 250 мыңнан аса оқушы мемлекет тапсырысымен білім алады.

Мемлекетпен келісімшартқа отырған жекеменшік мектептерге бөлінетін қаражаттың жартысын 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жергілікті бюджеттер аударуы керек. Алайда өңірлердің бәрі білім саласына арналған ақшаны уақытылы бөлмей отыр.

Айлық алмаған ұстаздар қатты алаңдайды

Жекеменшік білім беру ұйымдарының республикалық қауымдастығы осы мәселеге қатысты дабыл қақты. Ұйым төрайымы Роза Садықованың пікірінше, әкімдіктердің қаржыны кешіктіруі білім саласындағы жекеменшік ұйымдардың жұмысын тежейтін үлкен кедергіге айналды.

Қауымдастықтың мәліметінше, жеке қолдағы мектептер 2025 жылғы қаңтардан бері қаржыны уақытылы ала алмай келеді. Кей өңірде ақпан және наурыз айларының ақшасы әлі түспеген.

«Мысалы, Алматы облысы биылғы тәртіпті тіпті де қабылдап отырған жоқ. Осы өңірдегі мектептерге ақша аударылмаған. Ұстаздар ақпан, наурыз айларының айлығын алмаған. Сәуір аяқталуға жақын, ал олар ақпанды да жаппаған. Көп облыс дұрыс төлемей отыр. Мысалы, Жамбыл облысындағы мектептер біраз қиналып қалды. Атырау мәселені шешіп жатыр», – дейді ұйым басшысы Роза Садықова Kursiv.Media тілшісіне.

Қауымдастық төрайымы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа хат жазды.

«2025 жылғы ақпан, наурыз айларында қаржыны кешіктіру, оның себебін дұрыс түсіндірмеу, сонымен бірге сәуір, мамыр айларына қатысты мәліметтің жоқтығы бүкіл ел бойынша ұстаздар қауымын қатты алаңдатып отыр», – деп жазды Садықова.

Роза Садықова жекеменшік білім мекемелерінің мүддесін қорғайтын қауымдастықты басқарады / фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы облысы Іле ауданында орналасқан «Дана» жекеменшік мектебінің құрылтайшысы Күләнда Батырбекова Kursiv.Media тілшісіне бюджеттен қаражат ақпаннан бері бөлінбегенін растады.

«Биыл қаңтар айының ақшасы наурызда түсті. Ал ақпан, наурыз айларының қаражаты әлі аударылған жоқ. Жиған-тергенімізді, еңбек демалысына деп сақталған ақшаның бәрін мұғалімдердің айлығына төледік.

Сәуірде не істейтінімізді білмейміз. Жаңа ғана маған осы маңдағы түрік лицейінің басшысы да хабарласып, мектепке баруға бет қалмағанын айтып, шағымданды», – дейді кәсіпкер Батырбекова.

«Дана» мектебінде 1200 оқушы білім алады.

Ұстаздар үкіметті сотқа бере алады

Жекеменшік мектептер мүддесін қорғаушы ұйым Оқу-ағарту министрлігінен қаражаттың тезірек аударылуына ықпал етуді, бұған қоса ақшаның ай сайын кешікпей түсіп отыруына кепіл болуды сұрады. Садықова мектептердің абыройын да көп ойлайды.

«Қазіргі жағдай елдегі жекеменшік білім мекемелерінің абыройын түсіріп жіберді. Директорлардың бәрі беделден айрылды. Себебі таңертеңнан бастап мұғалімдер қолын созып соның кеңсесінің алдында тұрады.

Айлап ақша алмаған аш мұғалім қалай сабақ береді? Содан кейін «жекеменшік мектептер айлық төлемейді», «құрылтайшы алдады» деген әңгіме тарайды. Оған мемлекет төлемей отырса, құрылтайшы ақшаны қайдан алады? Негізі келісім-шартты мемлекет орындамай жүр. Жекеменшік мектептер оны сотқа бере алады», – дейді Садықова Kursiv.Media-ға.

2023 жылғы берешек және ата-анадан бір тиын алмайтын мектептер

Қауымдастықтың мәліметінше, елде ата-анадан ақша алмайтын, мемлекет субсидиясына қарап отырған 320 жекеменшік білім ордасы бар. Садықованың айтуынша, білім беру стандартын толық орындап отырған мектептердің кейбірі кредит алып, айлық төлеуге мәжбүр.

Кәсіпкер Низамхан Сүлейманов Шымкент қаласында жеті, Түркістан облысында жеті жекеменшік мектеп ашқан. 14 білім ордасының бәрі ата-ана ақшасынсыз жұмыс істейді. Солардың бірі – Шымкент қаласындағы «Арофат» мектебі. Білім ордасының директоры Роза Пактың айтуынша, мектептер мемлекеттің екі жыл бұрынғы берешегін әлі алмаған.

«2023 жылғы желтоқсанға тиесілі қаражаттың 10%-ы, 2024 жылғы желтоқсанның 60%-ы әлі түскен жоқ. Біз үшін әжептәуір ақша. Бұған қоса, 2024 жылғы қыркүйектен бастап бюджеттен бөлінетін қаражат кешігетінді шығарды.

Биыл жағдай тіпті қиындады. Мемлекеттік мектептерге ақша айдың ортасында түссе, бізге айдың соңғы күні әзер аударылады. Мұғалімдерімізден айрылып қаламыз ба деп алаңдаймыз», – дейді мектеп директоры Роза Пак Kursiv.Media басылымына.

Осы мектепте 900 бала оқиды. Әр сыныпта бала саны 24-тен аспайды. Түркістан облысы – бала туу көрсеткіші жоғары өңір. Мұнда мектеп жетіспейді. Соған байланысты Үкімет осы мәселені жекеменшік мектептермен келісімшартқа отыру арқылы шешіп келеді.

Алматы қаласындағы жекеменшік мектептерде істейтін ұстаздар да Kursiv.Media-ға биыл айлық қайта-қайта кешігіп жатқанын растады.

Жекеменшік мектептердің көбісі ғимаратты жалға алып отыр. Бұдан бөлек, коммуналдық қызмет, салық, ұстаздар мен басқа да қызметкерлердің айлығын төлеу қажет. Осының бәрі мемлекет бөлетін субсидиямен шешіледі.

«Елдегі білім беру саласындағы қазіргі жағдайға қабырғам қайысады. Жекеменшік білім ордаларының мәртебесін көтеру, қоғам сеніміне кіру үшін қаншама жыл жұмсалды. Енді Үкімет соның бәрін бүлдіріп жатыр», – дейді Роза Садықова.

2024 жылы Қазақстанда 250 мыңнан аса баланы жекеменшік мектепте оқыту үшін бюджеттен 134 млрд теңге бөлінген.

Kursiv.Media материалда көтерілген мәселеге байланысты Оқу-ағарту министрлігіне, «Қаржы орталығы» мемлекеттік мекемесіне, сонымен бірге өңірлер мен республикалық маңызы бар қалалар басшылығына сұрау жолдады.