Lifestyle

Технологиялар сән әлемін қалай өзгертіп жатыр

Искусственный интеллект ИИ
Технологиялар сән әлемін қалай өзгертіп жатыр?/ Фото: kursiv.media архивінен

Әдетте сән әлемі туралы сөз қозғалса Милан мен Париждің подиумы көз алдымызға келеді. Бірақ заман өзгерген сайын трендтердің шығатын жағы да ауысқан. Мысалы, бүгінде трендтер TikTok-та пайда болып, метағалам арқылы тігіліп, фасонына емес, алгоритміне қарап бағаланатын болған. Яғни жасанды интеллектіден бастап, 3D киім өлшеуге дейінгі технологиялар сән индустриясын адам танымастай кейіпке келтіріп жатыр. Мұндай трансформацияға қызығушылық жоғары. Осы материалымызда киім дизайны, өндірісі, экология және usre experience жайлы талдаймыз.

1. Дижитал дизайн: қарындашпен салудың орнына қазір 3D сурет шықты

Бұл қалай?
Бұрын коллекцияларды жасаудың алғышарты ретінде эскиз сызып, қарындашпен нобайы салынатын. Ал қазір дизайнерлер Clo3D немесе Browzwear сияқты 3D-дизайн-платформаларды қолданады. Осылайша олар киімнің моделін дижитал кеңістікті жасай береді. Мұның қандай артықшылықтарына барына тоқталайық:

  • Болашақта жасалатын образды тігіп көрмей жатып визуал көзге елестете алады;
  • Реал тайм режимде маталарды, қалыптарды сынап көріп, тәжірибе жасайды;
  • Физикалық прототиптерін жасап жүрмейтіндіктен, уақыт пен ақшаға көп үнем болады.

Қызық дерек: McKinsey деректеріне сүйненсек, 3D-дизайн қолданғанның арқасында өндіріске кететін шығынды — 30%-ға, ал нарыққа кететін уақыт шығынын 50%-ға қысқартуға болады екен. Өте тиімді, солай емес пе?

2. Жасанды интеллект: әрі сәнгер, әрі футурист

Жасанды интеллектінің сән әлемінде алатын орны ерекше. Өйткені ол бір өзі бірнеше тапсырманы қатар орындай алады:

—Трендтерге анализ жасайды:

Алгоритмдер әлеуметтік желі, іздеу жүйелері, маркетплейстердегі деректерге анализ жасай отырып, алдағы уақытта не нәрсенің танымал болатынына болжам жасайды. Футурист деп отырғанымыз сол. Мысалы, Edited және Heuritech компаниялары қазірдің өзінде осындай аналитика жасап, оны брендтерге сату арқылы табыс тауып отыр.

— Дизайн генерациялайды:

Жасанды интеллект эскиз сыза алады. Тіпті толыққанды коллекция да құрастырып беруге қауқарлы. Айталық, DeepFashion жобасы нейрон желісін миллиондаған образдарды қолданып үйреткен, оқытқан. Соның арқасында ол сіз айтқан стильге сай жаңа модельдер ұсына алады.

— Жеке қалауыңызды орындайды:

Zalando, Amazon Fashion сынды онлайн-дүкендер қалауыңызға сай заттар ұсыну үшін жасанды интеллектіні қолданады. Бар болғаны қолданушы өлшемін, стилін және т.б. фильтр арқылы көрсетсе болғаны.  Тіпті юзердің тұрған жеріндегі ауа-райына қарап та ұсыныс жасайды.

3. AR мен VR

AR және VR технологиялар қазір киім өлшейтін бөлменің орнын басып жатыр.
Қолданушылар үйде отырып-ақ киімдерді киіп көре алады. Бар болғаны смартфоны болса жеткілікті. Кей дүкендер арнайы айна орнатып қойған. Айнаға қарасаңыз, таңдаған киіміңізді «үстіңізге қондырып қояды». Осының арқасында онлайн зат алған соң ұнамай қайтаратын жайт азайған. Одан қала берді геймификацияланған тәжірибе көпшілікті қызықтырады.

  • Snapchat пен Instagram-да (кей елдерде ғана) виртуал киім фильтрлері бар.
  • Zara мен H&M (кей елдерде ғана) дүкендерінде «смарт айна» орнатылған.
  • Farfetch кроссовкілерді AR режимде киіп көруге мүмкіндік беретін Wanna Kicks қолданбасымен серіктесіп жұмыс істейді.

4. Метағаламдағы сән және NFT-гардероб

Дижитал сән әлемімен ойнамаңыз, ол бүгінде жылына миллиардтаған доллар айналым әкеліп отырған үлкен нарыққа айналып жатыр. 

  • Balenciaga, Gucci, Nike сияқты брендтер метағаламдағы аваталарға (Roblox, Fortnite, Decentraland) арнап виртуал киім шығарады.
  • NFT-киімнің көмегімен бірегей дижитал бұйымдарға «ие бола аласыз». Оларды әлеуметтік желіде немесе  AR-контентте қолдануға болады.
  • DressX деген маркетплейсте фото мен видеоға арналған виртуал образдар сатып ала аласыз.

Қызық дерек: 2022 жылы Nike-тің метағаламдағы виртуал кроссовкісі 185 млн долларға сатылған.

5. Эко-сән және смарт технологиялар

Қазір сән әлемінде тек сұлулық тұрғысынан емес, сонымен қатар экологияға да жауапкершілік жағынан қарастыруға үндейді. Бұл жерде технологиялар үлкен рөл атқарады.

Carbonfact секілді платформалар киімнің табиғатқа әсерін есептейді.

3D-принтермен киім шығарғанның арқасында қалдық аз болады, тапсырыс бойынша тігіледі.

Блокчейннің көмегімен мақтаның  қайдан өскенінен бастап дүкенге қалай жеткеніне дейін — бәрі көз алдыңызда тұрады.

Қызық дерек: H&M биоыдырайтын мата және қалдықпен «ақылды» жұмыс істеуге арналған жобаларға қаржы құйып отыр. 

6. Қоймада зат артылып қалмайды. Қалай?

Қазір made-to-order деген модель сәнге айналды. Ол дегеніміз — тапсырысқа байланысты тігіп беретін модель. Мұнда бәрі автоматтандырылған:

  • Алгоритмдер сұраныс қалай болатынына қатысты болжам жасайды. Осылайша  артық өндіріп қоймай, дөп түсуге болады.
  • Мини-фабрикалар киімді тапсырыс берген соң, бас-аяғы 1-2 күннің ішінде басып шығарып, тігіп береді.

Мысалы, Unspun бренді қолданушының денесін 3D-скан жасап, параметрлеріне құйып қойғандай қылып джинсы тігіп береді.

7. Роботтар мен өндірістегі автоматизация

Тігін өнеркәсібі индустриясы матамен жұмыс оңай деп қанша жерден автоматтандыруды жақындатқысы келмесе де, уақыт ағымына сай трендті қабыл алуға мәжбүр болды. Бірақ нәтижесі көңіл қуантты. Өйткені салада мынадай жағымды өзгерістер бар:

  • Sewbo роботтарға матаны арнайы ерітіндімен өңдей отырып киім тігуге мүмкіндік беретін технология жасап шығарды.
  • Amazon жеке қалауыңызға қарай тігетін автомат конвейерлерді сынап жатыр.

Осы қарқынға қарасақ, бұл еңбек нарығын да өзгертіп жатқанын байқаймыз. Әсіресе қара жұмыс күші арзан елдердің нарығында өзгеріс көп. 

8. Әр бұйымның дижитал «ізі» бар

Сізге әр бұйымның дижитал төлқұжаты болады десек, сенесіз бе? Тенденция солай ауысып жатыр.

  • Мысалы киім жапсырмасында QR-код немесе NFC-чип қосылып тігіледі. Сол арқылы қолданушы ол бұйымның қайдан және қалай шыққанын біліп отырады.
  • Бұл ресейлде өте жақсы көмектеседі. Әрі брендке деген сенім қалыптастырады.

Тобықтай түйін: сән әлемінің болашағы жарқын

Технологиялар сән әлемін жалпы емес, жалқы бағытқа өзгертіп жатыр. Оған қоса, этика тұрғысынан да бекіте түсті. Шығармашылықтың жаңа жолына шабыт ашып, тұтынуға қатысты сананы да бір сілкіп алып жатыр. Яғни қазіргі және болашақтағы сән индустриясы енді тек дизайнерлердің қолында болмайды деген сөз. Бүгінде оны бағдарламалаушылар, инженерлер, алгоритмдер мен UX-дизайнерлер жасасып жатыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін ғылыми-технологиялық прогрестер туралы жазып, наноматалар туралы айтқан едік. Болашақтың он материалы туралы мақаламызды шолып шығыңыз.