Мемлекеттік БАҚ-тар өсек-аяңның жетегінде жүр – Мақсат Толықбай

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай елдегі мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарын қатты сынады. Ол бюджеттен қаржыландырылатын көптеген басылымдар медиа-этиканы елемей, сенімді ақпаратты өсек-аяңмен алмастырып жатқанын мәлім етті.
Мәжілісмен мемлекеттен миллиардтаған қаржы алып отырған мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының өзі медиа этикадан жұрдай деп баға берді.
«Көзге ілінетін ақпараттың 90%-ы өсек-долбар ғана. Кейбір журналистер мен блогерлердің кәсібилігіне қарның ашады, өсек-аяңның жетегінде жүр. Ресми ақпарат жоқ деген жалған ақпарат таратуға рұқсат деген сөз емес. Күдіктіні сот қылмыскер деп таппайынша, сырттан үкім кесіп, дербес деректерін, суреттерін жариялай салу, манипуляция, ақпаратты тексермей жариялап жіберу өте бір белең алып бара жатыр. Мұны да қадағалап жұмыс жүргізу керек»,– деді депутат.
Депутат медиа саласына бақылауды күшейтуді ұсынды. Әсіресе, қоғамда резонанс тудыратын қылмыстарға қатысты алаңдаушылықтар туындаған кезде ақпараттар жіті тексерілу керектігін айтады.