«Қазақстан» шахтасындағы апаттан кейін сотталғандарға шыққан үкім өзгеріссіз қалды

Қарағанды облысында «Қазақстан» шахтасындағы кеншілердің қазасынан кейін сотталған төрт адамға қатысты іс апелляция сатысында қаралды. Істі қараған сот алқасы бірінші сатыда шыққан сот үкімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды KursivMedia.
Бірінші сатыдағы сотта Г., М., Т., Г. екі немесе одан да көп адамның абайсызда өліміне әкеп соқтырған тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сотталғандар және олардың қорғаушылары бірінші сатыдағы сот шығарған үкімге келіспей, оның күшін жоюды және өздерін ақтауды сұраған. Сот алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Айта кетейік, 2023 жылдың 17 тамызында жөндеу ауысымында «Қазақстан» шахтасында өрт болды, салдарынан 5 кенші қаза тауып, 17 кеншіге денсаулығына орташа және ауыр зиян келді. Өрт шыққан кезде жер астында 227 адам болған. 222 адам жер бетіне шығарылған.
19 тамызда сол кездегі Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Қазақстан» шахтасында апат салдарынан қаза тапқан шахтерлердің отбасы мүшелерімен кездесіп, ауруханада жатқан зардап шеккен кеншілерге барды. Әлихан Смайылов «Қазақстан» шахтасындағы өрттің ең алдымен кәсіпорын иесінің кінәсі екенін айтты.