Қазақстандық журналист Серғазы Мұхтарбек қайтыс болды

Қазақстандық журналист Серғазы Мұхтарбек 64 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Қаралы хабарды әріптестері әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді.
«Тәуелсіздік пен демократияның құндылықтары үшін арыстандай алысып, қарпысып-шарпысып жүріп, Алтынбек бәріміздің досымыз, алғадай курстың серкесі Серғазы Мұхтарбек те дүниеден озды», – деп жазды Жүсіпбек Қорғасбек.
«Қазақстанның жарқын болашағы үшін күрескен тұлға болатын. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, демократиялық мемлекеттің принциптерін сақтауға шақырды. Геосаяси мәселелерде қазақтың, Қазақстанның мәртебесі мен мүддесі үстем болуын талап етті. Қоғамдағы өзекті мәселелерге өткір пікір айтты. Адамдығын, мамандығына деген адалдығын жоғалтпаған азамат еді. Бүгін мәңгілік мекеніне аттаныпты. Алла алдыңыздан жарылқасын, жақсы адам», – деп жазды журналист Нәзия Жоямерген.
Айта кетейік, Серғазы Мұхтарбек 1961 жылы туған. Қоғамдық-саяси «Қазақстан» газетінің бас редакторы болған.