Жаңалықтар

Қазақстан жер сілкінісіне байланысты Түркияға көмек көрсетуге дайын

Тоқаев Ердоғанға жеделхат жолдады/фото: shutterstock

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанға Ыстанбұл маңында болған жер сілкінісіне байланысты қолдау білдірді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Тоқаев Мәрмар теңізі мен Ыстанбұл шаһары аумағында болған жер сілкінісіне байланысты алаңдаушылық білдіріп, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға қолдау сөзін жолдады.

«Сан ғасырлық достық пен бауырластығымызға және елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестікке сүйене отырып, біз түрік халқына әрдайым қолдау көрсетіп, барынша көмек беруге дайын екенімізді растаймыз», – делінген Қазақстан президентінің жеделхатында. 

Айта кетейік, 2025 жылдың 23 сәуірінде Ыстанбұл маңында магнитудасы 6,2 балл жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулері жергілікті уақыт бойынша 12:49-да тіркелген. Зілзала эпицентрі Силиври ауданы жағалауындағы Мәрмәр теңізінде орналасқан. Жер сілкінісі жақын маңдағы провинцияларда да сезілген.

Содан кейін жоғары қабаттан секірген 150-ден аса адамның жарақат алғаны белгілі болды.