Елімізде жұмыс берушілер жыныстық қудалаумен күресуге міндеттелуі мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Еңбек кодексіне харассмент ұғымы енгізілуі мүмкін/фото: shutterstock
Еңбек кодексіне харассмент ұғымы енгізілуі мүмкін/фото: shutterstock

Еңбек министрлігі қазақстандықтардың жұмыстағы қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін Еңбек кодексіне харассмент ұғымын енгізгелі жатыр. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында жарияланған құжатта көрсетілген.

Министрлік жариялаған құжатқа сәйкес, әлеуметтік сауалнамаға қатысқан жұмыскердің 30%-ы этикаға жат әрекетке тап болғанын көрсеткен.

«Оның нақты шағымдану және қорғану механизмі жоқ. Қазақстан мемлекеттердің қызметкерлерді зорлық-зомбылық пен қудалаудан қорғау жөніндегі міндеттемелерін көздейтін халықаралық еңбек ұйымының №190 Конвенциясын ратификацияламады, бірақ осы бағытта қозғалуға тиіс», – деп жазылған құжатта.

Ал қазіргі жағдай «кодексте жыныстық қудалаудың құқықтық анықтамасы, олардың белгілері, шағым беру процедуралары және қорғау шаралары жоқ. Бұл жұмысшыларды жұмыс орнындағы зорлық-зомбылықтан қорғау мүмкіндігін азайтады» деп сипатталған.

Соған байланысты министрлік жұмыс берушілерді жыныстық қудалаудың алдын алуға міндеттеуді ұсынып отыр.

Ал ықтимал тәуекел ретінде министрлік жұмыс берушінің жыныстық қудалаудың алдын алуға бағытталған норманы қабылдамауы немесе дұрыс қолданбауы мүмкін екенін көрсеткен. Бұған құқықтық мәдениеттің болмауы, жариялылықтан қорқу себеп болуы мүмкін. Мұны әдістемелік материалдарды әзірлеу, құпия қарау рәсімдері, кадрларды оқыту арқылы шешуге болады, делінген жобада.

Құжат 15 мамырға дейін қоғамдық талқылауда болады.

Сондай-ақ оқыңыз