ЖИ көліктен, жүзетін әрі ұшатын машинаға дейін: Шанхай автокөрмесінде не таныстырылды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Шанхай автокөрмесінде не таныстырылды
Шанхай автокөрмесінде не таныстырылды/Фото: Cfoto / Keystone Press Agency

Қытайдағы халықаралық Шанхай автокөрмесінде автокөрмесінде 1 500-ге жуық компания болашақ көліктері мен озық технологияларын таныстырды. Мамандар автосалада төңкеріс жасауы мүмкін деп төмендегі 5 жаңалыққа баса назар аударып отыр.

Автокөліктерге арналған жасанды интеллект – DeepSeek

ChatGPT-тің қытайлық аналогы DeepSeek нейрожүйесі жаңа көліктерге жаппай енгізілмек. BMW бұл жүйені 2025 жылдың екінші жартысынан бастап Қытай нарығындағы барлық жаңа модельдерінде қолдануды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, технология Hongqi, Nissan, Honda секілді брендтерде де бар.

DeepSeek арқылы жүргізуші дауыспен көлік функцияларын басқарып, маршрут құрып, интерфейсті өзіне ыңғайлы етіп өзгерте алады. Geely бұл негізде Xingrui атты өзіндік жүйесін жасап, оны автономды жүргізуге қолдануда.

Суға батпайтын Geely Galaxy Battleship

Шанхай автокөрмесіндегі тағы бір жаңалығы – Geely Galaxy Battleship жол талғамайтын көлігі. Ол тереңдігі 80 см-ге дейінгі судан өте алады, тіпті екі сағатқа дейін суда қалқып, 9,2 км/сағ жылдамдықпен жүзе алады.

Бұл көлік алғаш рет гидролокатор жүйесімен жабдықталған. Онда яхта стиліндегі селектор, спутниктік байланыс, цифрлық шасси және жоғары қауіпсіздіктегі Golden Short Blade батареясы бар.

Иммерсивті мультимедиа

Жаңа Mercedes-Benz Vision V концепті – болашақтағы люкс V-Class болады деп күтіліп отыр. Көлікте 65 дюймдік 4K экран, 42 динамикасы бар Dolby Atmos аудиожүйесі және 360° иммерсивті дисплей жүйесі бар. Экрандар тіпті терезелерге де проекция жасап, көрініске толықтай ену әсерін тудырады.

Көлікте жұмыс, ойын, шопинг, караоке сияқты 7 түрлі режим бар. Жүргізуші мен алдыңғы жолаушыға арналған Superscreen дисплейлері де қарастырылған.

100 секундта батарея ауыстыру

CATL компаниясы тез ауыстырылатын Choco-SEB аккумуляторларын таныстырды. Оларды FAW, Changan, BAIC, Chery, GAC көліктерінде қолдануға болады. Батареяны 100 секундта толық автоматтандырылған станцияда ауыстыруға болады.

Жаңа жүйе арқылы көлік иелері 600 км-ге дейінгі қашықтықты жүріп өте алады. 2025 жылдың өзінде Қытайда 1 000 ауыстыру бекеті ашылады, ал болашақта олардың саны 30 000-ға жетеді деп күтіліп отыр.

Жолда – көлік, аспанда – ұшақ: Hongqi Tiannian 1

Hongqi компаниясы алғаш рет eVTOL — тік ұшып, тік қонатын көлік концептін таныстырды. Tiannian 1 – электрлі көлік пен ұшатын капсуладан тұрады. Әуеде 200 км-ге дейінгі қашықтықты 150 км/сағ жылдамдықпен бағындырады.

Бұл көлік дауыстық және визуалды интерфейс арқылы басқарылады. 2025 жылы алғашқы сынақ ұшуы жоспарланып отыр, ал сериялық өндіріске шығуы әзірге уақыт еншісінде.

Шанхай автокөрмесі болашақ автомобиль әлемін анықтап бергендей. Жасанды интеллект, жылдам батарея ауыстыру, суға батпайтын көлік пен ұшатын көліктер – енді қиял емес, таяу болашақтағы шынайы жағдай болуы мүмкін.

Бұған дейін, Шанхай автокөрмесінде BYD люкс спорттық көлігін таныстырған.

Сондай-ақ оқыңыз