Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасына қатысты болжамын нашарлатты

Дүниежүзілік банк Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) өсіміне қатысты болжамын нашарлатты. Қаржы ұйымының болжамынша биыл жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,5% болса, 2026 жылы нашарлап, тек 3,36%-ы құрауы ықтимал. Бұл туралы банктің «Ғаламдық экономиканың болашағы» баяндамасында жазылған.
Дүниежүзілік банктің қаңтар айындағы баяндамасында болжам біршама жақсы болған. Ол кезде ДБ 2025 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 4,7%, ал 2026 жылы – 3,5% өседі деп болжаған.
Жалпы 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстан экономикасы 5,8%-ға өскен. Нақты көлем индексі көлік саласында – 21%-ды, құрылыста – 16,9%-ды, өнеркәсіпте – 6,6%-ды, саудада – 6,3%-ды құрайды.
Бұл ретте Ұлттық банк Қазақстан экономикасының 2025-2026 жылдардағы өсімін 4,2-5,2% деңгейінде болжаған.
Ал «Азия даму банкі» сәуірдегі шолуында 2025 жылға арналған ЖІӨ өсімі бойынша болжамын 4,9%-ға дейін (2024 жылғы қыркүйекте – 5,1%) төмендетті, ал 2026 жылға арналған болжамын 4,1% деңгейінде сақтады.
Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасы жылына кемінде 6 пайыз өсім көрсетуі керек деген міндет қойған.