Теңге бағамы тұрақталуы үшін мұнай бағасы қандай болуы керек

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
мұнай
Теңге бағамы мұнай бағасына тәуелді. Фото:shutterstock

2024 жылы Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне 80,7 доллар болды. Бұл — әлемдік нарық үшін қолайлы баға саналғанымен, Қазақстан ұлттық валютасының тұрақтылығы үшін жеткіліксіз болып шықты. Осы кезеңде теңге 454,56-дан 523,54-ке дейін әлсіреді. Ал ұқсас экономикалық құрылымға ие Әзербайжанда доллар бағамы 1,7 манат деңгейінде тұрақты қалды.

BCC Invest сарапшылары бұл айырмашылық себебін сыртқы сауда мен қаржылық міндеттемелер құрылымынан көреді. Нақтырақ айтқанда:

  • Қазақстан экспорттан тапқан кірісінің басым бөлігін шетелдік инвесторларға төлем жасауға жұмсайды;
  • Ал Әзербайжан шетелге кететін қаражатты мейлінше шектеулі ұстап отыр.

Cоңғы жеті жылда еліміздің сыртқа төлеген қаржысы экспорттан түскен табыстан асып кеткен:

  • Қазақстанда бұл көрсеткіш 126% болса,
  • Әзербайжанда – бар болғаны 22%.

Бұл нені білдіреді? Қазақстан өз экспортының есебінен сыртқы міндеттемелерін жаба алмайды, сондықтан үнемі тапшылық көреді. Ал Әзербайжан экспорттан таза табыс алып, резерв қорын көбейтуге мүмкіндік алады​. Мәселен Қазақстан биыл сыртқы борышын өтеуге 45 млрд доллар жұмсауы ықтимал.

Теңге неге әлсірейді?

Сыртқы тапшылықты жабу үшін Қазақстан біріншіден, Ұлттық қордың ақшасын пайдаланады, екіншіден сырттан қарыз алады.

Бұл — ұлттық валютаның әлсіреуіне тікелей әсер етеді. Әзірбайжан керісінше, валюталық резервін арттырып, манатты қолдай алады.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның теңге бағамын тұрақтандыруы үшін мұнай баррелінің бағасы кемінде 100 доллар болуы тиіс. Ал Әзірбайжан 60 доллар бағамен де экономикасын теңгерімді ұстап отыр.

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев Қазақстанның негізгі экспорттық шикізаты – мұнай арзандай берсе, теңге одан әрі құнсыздана береді деп тұжырымдайды. Қаржыгердің болжамынша, мұнайдың баррелі 50 долларға дейін арзандаса, АҚШ валютасының бағамы 580 теңгеге дейін жетуі ықтимал.

Сондай-ақ оқыңыз