Жүк алыптары бірігеді: Toyota мен Daimler жаңа одақ құрады

Жарияланды 24 Сәуір 2025 08:01

Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
Toyota мен Daimler-дің бірігуі не береді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Милош Муратовский

Toyota мен Daimler жүк көлігі бөлімшелерін біріктіру туралы келісімге жақындап қалды. Бұл жүк көлігі нарығындағы ірі одақтардың бірі болуы мүмкін деп хабарлады Nikkei Asia басылымы.

«Toyota компаниясының құрамындағы Hino Motors пен Германиялық Daimler Truck-қа қарасты Mitsubishi Fuso жүк көлігі өндірушілері бірігіп, жаңа холдингтік компания құру жөніндегі келісімді аяқтауға жақын», – деп жазылған жапондық басылым таратқан ақпаратта.

Ауқымды жоспар құрылған

Жоспарға сәйкес, жаңа компания 2026 жылдың сәуір айында «Токио қор биржасының» Prime нарығында листингке шығарылады.

Екі компания бұл бастама туралы алғаш рет 2023 жылдың мамырында хабарлаған болатын. Ол кезде мәміле 2024 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілді. Алайда 2024 жылдың ақпанында келісім мерзімі өзгертілді. Оның уақыты аталған жоқ, тек кейінге шегерілген. Nikkei мәліметінше, мәміле 2025 жылдың мамыр айында ресми түрде бекітілуі мүмкін. Қазіргі таңда бұл бірігу Жапонияның Бәсекелестік жөніндегі комиссиясының қарауына ұсынылды.

«Ал антимонополиялық тексеру аяқталуға жақын», – деп хабарлады басылым.

Бірігу қалай жүзеге асады?

Бірігу нәтижесінде Hino және Mitsubishi Fuso толықтай жаңа құрылған холдингтің иелігінде болады. Дегенмен, компаниялар шетелдік нарықтарда өздерінің жеке брендтерін сақтап, сату жүйесін бөлек жүргізе береді. Ал өндіріс, жабдықтау мен технологияны дамытуда бірігіп жұмыс істейді. Mitsubishi Fuso өкілі бұл қадам әр компанияның жаһандық беделін сақтау үшін жасалып отырғанын атап өтті.

Бұл бірігу жүк көліктері нарығындағы ірі стратегиялық қадам саналады. Себебі автокөлік саласы қазір экологиялық талаптардың күшеюі, электрлендіру, сутекті отын элементтері сияқты жаңа технологияларға көшу кезеңін өткеріп жатыр. Мұндай ауқымды өзгерістерге дайын болу үшін жеке компанияларға қаржы мен ресурстың жеткіліксіз болуы мүмкін. Ал біріккен жағдайда олар шығындарды оңтайландырып, технологиялық серпілістерге жол аша алады.

Мысалы, Daimler Truck 2021 жылы өзінің электрлі және сутекті жүк көліктерін таныстырып, оларды 2030 жылға қарай толық енгізуді мақсат еткен. Ал Toyota Mirai жобасы арқылы сутекті технологияны жеңіл көліктерде сынап көрді. Осы тәжірибелердің үйлесуі болашақ жүк көліктерінің экологияға зиянсыз әрі тиімді болуына жол ашуы мүмкін.

Бірігу бәсекелестікке төтеп беруге мүмкіндік береді

Сарапшылар пікірінше, бұл мәміле жапон автоөндірісінің жұдырықтай жұмылуына себеп болуы мүмкін. Автокөлік нарығы барған сайын жаһанданып, Қытай мен АҚШ-тың электр көлік секторы батыл стратегия ұстанып отырғанын ескерсек, мұндай альянстар жапон және еуропалық өндірушілерге бәсекелестікке төтеп беруге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Hino Motors 2024 қаржы жылының алғашқы тоғыз айында шамамен 95 мың көлік сатқан, оның екіден үш бөлігі шетелдік нарыққа бағытталған. Mitsubishi Fuso-ның да сатылымының 60–70 пайызы Жапониядан тыс елдерге экспортталады. Яғни бұл бірігу халықаралық нарықта өзара ықпалдастықты арттырып, логистика мен өнімділікті тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Дегенмен тараптар холдингтің нақты құрылымы, инвестиция үлесі мен биржадағы листинг мерзімі бойынша әлі шешім қабылдамағанын айтты. Мұның барлығы мәміле аяқталғаннан кейін белгілі болады. Еске сала кетсек, былтыр желтоқсанда Honda мен Nissan бірігу туралы келіссөздерді басталғанын хабарлады. Келісім іске асқанда қос қомпания әлемде автокөлік сатылымы бойынша үшінші ірі өндіруші болар еді.  Алайда кейін тараптар келіссөздерді тоқтатты.

Сондай-ақ оқыңыз