Үкімет ERG компаниясындағы 40% үлесін сатпайды — Қаржы министрлігі

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
ERG
Үкімет ERG компаниясындағы 40% үлесін сатпайды / фото: erg

Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті ЕRG (Eurasian Resources Group) компаниясындағы мемлекетке тиесілі 40% акцияны сату жоспары жоқ екенін мәлімдеді.

«ERG компаниясындағы мемлекет меншігіндегі 40% акцияны сату мәселесі қарастырылып жатқан жоқ», — делінген комитеттің «Курсив» басылымына берген ресми жауабында.

Бұл ақпарат 21 сәуірде халықаралық Reuters агенттігі жариялаған мәліметке байланысты берілді. Агенттік америкалық кәсіпкер Джеймс Кэмеронның ЕRG компаниясын $5 млрд-қа сатып алуға ұсыныс білдіргені туралы жазған еді. Кэмерон ЕRG директорлар кеңесіне арнайы хат жолдаған және тараптар 2024 жылдың соңынан бері келіссөз жүргізіп жатыр деп мәлімдеген.

Алайда бұл ақпаратты ERG директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас директоры Шухрат Ибрагимов жоққа шығарды. Ибрагимов ешқандай келіссөздер жүріп жатпағанын айтып, бұл тек алыпқашпа әңгіме екенін жеткізді.

ERG компаниясының меншік құрылымы:

  • ҚР Үкіметі – 40%
  • Ибрагимовтер отбасы – 20,7%
  • 2025 жылғы 22 наурызда қайтыс болған Александр Машкевич – 20,7%
  • Патох Шодиев – 18,6%

ERG – 2014 жылы бұрынғы ENRC (Eurasian Natural Resources Corporation) активтері негізінде құрылған. Компания Люксембургте тіркелген және табиғи ресурстарды өндіру мен қайта өңдеу саласында жұмыс істейтін ірі кәсіпорындарды біріктіреді. Оның активтері Қазақстанда орналасқан — «Қазхром», «Алюминий Казахстана», ССГПО, Қазақстан электролиз зауыты, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация», «Шұбаркөл көмір», «ТрансКом» секілді компаниялар ERG құрамына кіреді. Сонымен қатар ЕRG Африкада мыс пен кобальт өндіру жобаларын, Бразилияда темір рудасын игеру жобасын іске асырып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз