
Отбасы банк бүгін 24 сәуір күні Қазақстан қор биржасында (KASE) әлеуметтік облигацияларын орналастыру арқылы «Наурыз 2025» бағдарламасына қатысушыларды несиелеуге 50 млрд теңге тартты. Бұл қаржы қолжетімді баспана алғысы келетін азаматтарды қолдауға бағытталады.
Облигацияның бір данасының номиналды құны — 1000 теңге. Қаржы жылдық 16,5% мөлшерлемемен 5 жыл мерзімге тартылды. Купондық сыйақы жылына екі рет төленеді.
Облигациялардың артықшылықтары:
- Купондық сыйақыға салық салынбайды (Отбасы банк — ҚР Қаржы агенттіктері тізіміндегі ұйым),
- KASE-нің ресми тізіміне енгізілген,
- Мемлекеттік қатысу үлесі бар облигациялар себетіне кіреді,
- Репо және маркет-мейкер мүмкіндігі қарастырылған.
Отбасы банк төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, биыл бағдарлама үшін барлығы 200 млрд теңге тарту жоспарланып отыр. Қазір тек заңды тұлғалар қатысса, алдағы уақытта жеке тұлғалар да облигация иесі бола алады. Бұл қарапайым азаматтарға инвестиция арқылы өз табысын көбейтіп қана қоймай, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысуға мүмкіндік береді.
2025 жылғы «Наурыз» бағдарламасына 12 000 қазақстандық қатысуда. Оның ішінде 4 577 адам — тұрғын үй кезегінде тұрғандар, олардың жартысына жуығы әлеуметтік осал топ өкілдері. Қазірге дейін 3 547 өтініш иесіне несие мақұлданды. Қалған қатысушылар 2025 жылдың 16 мамырына дейін өтінім беруі тиіс.
Отбасы банк ESG қағидаттарын ұстанатын облигацияларды шығару арқылы әлеуметтік жауапкершілікті инвестициямен ұштастырып, KASE-де ESG-облигациялар нарығының көшбасшысы атанды.