
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде еліміздегі этностар арасындағы бірлік пен келісімді нығайтуда театр мен мәдениеттің рөліне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатқан 9 орыс драма театры мен 4 этнос театрының — ұйғыр, корей, өзбек және неміс театрларының маңызын атап өтті.
«Ассамблеяның 30 жылдығы аясында осы театрлардың барлығын Алматыда жинап, Қазақстан этностарының театр өнері фестивалін өткізсек, үлкен рухани шара болар еді. Көрермен көп жиналады деп ойлаймын», – деді Президент.
Өңірлердегі Достық үйлері кеңейеді
Тоқаев Ассамблеяның жұмысын өңірлерде күшейту қажеттігін айтып, жаңа Достық үйлерін ашу бастамасын қолдайтынын жеткізді. Түркістанда ашылған жаңа орталықтан кейін, Алматы облысында да осындай мекеме құрылмақ. Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов аудандарында Ассамблея бөлімшелерінің белсенділігі артуы тиіс. Президент бұл орталықтарды туристік маршруттарға енгізуді ұсынды.
Бірлік идеясы ақпарат кеңістігінде де кеңінен таралуы керек
Президент БАҚ-та бірлік пен келісім құндылықтарын насихаттаудың маңыздылығын атап өтті. Этностар тілінде шығатын өңірлік басылымдарға қолдау көрсетілуі қажет. Сонымен бірге, журналистер клубының жұмысына жетекші медиалар тартылып, бірыңғай жұмыс алгоритмі қалыптасуы тиіс.
Мәдени мұра – ортақ қазына
Тоқаев мәдениет арқылы бірлік идеяларын ілгерілетуге шақырды. Президент Астана мен Алматыда Пушкин, Шевченко, Достоевский, Шолохов музейлерінің көрмесін ұйымдастыруды ұсынды. Этномәдени бірлестіктер жинаған өнер және этнографиялық коллекциялар да ұлттық мұра ретінде таныстырылуы тиіс.
Президент мәдениет пен театр саласына техникалық мамандар даярлау туралы ұсынысты да қолдап, оны жүзеге асыру жолдарын қарастыруды тапсырды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Армения кино, театр, өнер салалары бойынша ынтымақтастықты күшейтетіні туралы жазған едік.