
Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяны дамыту тұжырымдамасына қатысты жаңа құжат әзірлеуді тапсырды. Бұл туралы президент Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) ХХХІV сессиясында айтты.
Тоқаев әр жылдары елімізде түрлі диалог алаңдары мен қоғамдық органдар құрылғанын атап өтіп, бұл орайда Ассамблеяның орны ерекше екенін айтты.
«Ассамблея барша азаматты ортақ құндылықтар мен мақсаттарға жұмылдыратын жалпыхалықтық орган ретінде жұмыс істеуі керек. Басты міндет – Қазақстан халқының татулығы мен ауызбіршілігін, мемлекетіміздің тұтастығы мен киелі Тәуелсіздігімізді нығайту. Алдағы уақытта да солай болып қала бермек. Біз болашақта да осы бағытта нақты шаралар қабылдаймыз. Мен 2022 жылы Ассамблеяны дамыту тұжырымдамасын бекіттім. Оның мерзімі де аяқталып келеді. Сондықтан жаңа құжатты дайындау жұмысына қазірден бастап кірісу керек, яғни, 2026-2030 жылдарға арналған басымдықтарды айқындау қажет», – деді президент.
Сондай-ақ Тоқаев тұжырымдама жобасында қоғамды ұйыстырып, үйлесімді дамуға жол ашатын жаңа әдіс-тәсілдер көрініс табуы қажет екенін нақтылады. Президент бұл құжатта Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этностардың құқықтарын қорғауға арналған негізгі қағидаттар көрініс табуы керек екенін атап өтті.
«Үкімет этносаралық саладағы республикалық және өңірлік жұмыс жоспарының барлығын жан-жақты сараптап, оның тиімділігін арттыруға қатысты ұсыныс енгізуі қажет. Жалпы, ұлт бірлігін нығайтуда барлық мемлекеттік және қоғамдық механизмдерді жетілдіруді жалғастыру керек», – деді президент.
Айта кетейік бұл жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі мәселесін де көтерді. Президент «мінберде сөйлеп тұрған адамға «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеу керек» екенін баса айтқан болатын. Сонымен бірге мемлекет басшысы ассамблея сессиясында Қазақстан этностарының театр өнері фестивалін өткізуді ұсынды.