1 қыркүйектен бастап мектептерде тамақтанудың жаңа стандарты енгізіледі

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Жекеменшік мектеп оқушылары ыстық тамақты тегін ішеді
1 қыркүйектен бастап мектептерде тамақтанудың стандарты өзгереді / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, мектептерде тамақтанудың жаңа стандарты енгізіледі. Бұл туралы Астанада өткен Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту министрлігі, Қазақ тағамтану академиясы өкілдерінің қатысуымен өткен жиында айтылды.

Балаларға арналған ас мәзірін әзірлемес бұрын Денсаулық сақтау министрлігі Оқу-ағарту министрлігінің және бейінді отандық және халықаралық сарапшылармен кеңескен. Ведомство өкілдері бірлесіп, ғылыми тәсілдер мен халықаралық ұсынымдардың негізінде балалардың денсаулығы үшін пайдалы, тамақтанудың жаңа стандартын әзірлеген.

«Жаңа стандарттар 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап елдің барлық білім беру ұйымдарында күшіне енеді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Жаңа ас мәзірінің ерекшелігі неде?

Тамақтанудың жаңа стандарттарына сәйкес, ас мәзірі балаларды денсаулығы мен дамудың заманауи талаптарына сай әзірленеді. Сондай-ақ жаңа талаптар бойынша әзірленген тамақ теңдестірілген, қауіпсіз және пайдалы бола түседі. Мектептегі тамақтану саласына жасалған реформа балалардың физикалық жағдайын жақсартуға оң әсер етеді. Атап айтқанда:

  • оқу үлгерімін арттыруға ықпал етеді,
  • концентрацияны жақсартады,
  • болашақта созылмалы аурулардың қаупін азайтады,
  • ерте жастан бастап дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастырады.

Сонымен бірге мәзірде қант пен тұздың, өңделген тағамдардың үлесі азайып, көкөністердің, жемістердің, дәнді дақылдардың, ақуыздардың және сүт өнімдерінің үлесі арта түседі.

Қазақ тағамтану академиясының президенті Алмаз Шарманның айтуынша, балалардың дәл осылайша диетамен тамақтануы балалар арасындағы семіздікті 10-15%-ға, 2 типті қант диабетін 10-20%-ға, артериялық гипертензияны 8-18%-ға және басқа да созылмалы ауруларды 5-15%-ға төмендетуге ықпал етеді.

«Стандарттың іске асырылуы өнімдердің сапасына және мектептегі тамақтану нысандарының санитариялық жағдайына бақылауды күшейтумен қатар жүргізіледі», – делінген баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетсек, мектеп асханаларында тамақтану стандарты енгізіліп, халықарлық нормаларға сәйкестендірілетіні жөнінде 2024 жылдың желтоқсан айында Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев айтқан болатын. Үкіметтің бұл шешіміне 2024 жылы мектептерде болған бірнеше улану фактілері әсер еткен.

Сонымен бірге Үкімет 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, мектеп асханаларында зиянды тағамдар сатуға тыйым салуды жоспарлап отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің талаптарына сәйкес, мектеп буфеттерінде зиянды, тез дайын болатын тағам түрлері сатылмайды.

Сондай-ақ оқыңыз