Қостанай облысында микроқаржы ұйымы 100% үстемемен заңсыз қарыз беріп келген

Қостанай облысында микроқаржы ұйымы 100% үстемемен заңсыз қарыз беріп келген. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Агенттік хабарлауынша, ұйым жетекшісі 2020 жылдан бастап тиісті лицензиясы жоқ бола тұра, азаматтарға пайызбен және мүлік кепілдігімен «OLX» пен «Instagram» мобилді қосымшалары арқылы қарыз беріп келген.
Күдікті қарыз алушымен келісімшарт жасасу кезінде несиелік мәмілені заңды етіп көрсету мақсатында беріліп жатқан қарыз сомасын әлдеқайда көп етіп көрсетіп, оған жылдық 100% көлемінде алдын ала есептелген сыйақы есептеп отырған.
Осындай заңсыз схемамен күдікті жалпы көлемі 100 млн теңгеден астам қарыз берген.
Нәтижесінде ұйымның заңсыз әрекеті салдарынан қарапайым азаматтар зардап шеккен. Олардың құқықтары мен мүдделері бұзылып, өте тиімсіз шарттармен қарыз алып, берешегі өскен. Кейбіріне жоғары пайыздық мөлшерлемемен берілген қарызға байланысты мүлкінен айырылу қаупі төнген.
Күдікті заңсыз жолмен алынған табысын жасыру мақсатында таныс есепшісін жұмысқа тартқан. Екеуі бірігіп, ақшаны жылыстату схемасын жүзеге асырған. Нәтижесінде заңсыз табысты көлік жөндеу қызметінің заңды кірісі ретінде көрсеткен. Ал қарыз беруші жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс істемейтін көлік жөндеу орталығының атынан фискалдық чектер шығарып отырған. Мұндай жолмен күдікті 60,6 млн теңгені заңдастырып үлгерген.
«Соттың санкциясымен тәркілеу мақсатында оның пәтеріне және банктік шоттарындағы 28 млн теңге сомасындағы қаражатына тыйым салынды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Осыған дейін ҚМА Алматыдағы микроқаржы ұйымдары өзінен қарыз алған азаматтарға мәжбүрлеп, тағы да бірнеше рет қарыз алуға міндеттегені туралы хабарлаған еді.