Жаңалықтар

Сенат тауар өндірушілердің бірыңғай реестрін құру туралы заң қабылдады

Фото: kazakhexport

Сенат тауарлардың шыққан елін анықтау мәселелері туралы заң жобасын мақұлдады. Оған сай елімізде отандық тауар өндірушілер реестрі құрылады.

Жаңа жүйе СТ-KZ формасындағы тауардың шығу тегі туралы сертификат пен индустриялық сертификаттың орнын алмастыруы қажет.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев бұл заң жобасы қазақстандық кәсіпкерлерді қолдауға бағытталғанын айтты.

«Құжат қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау саласындағы тетіктерді одан әрі жетілдіруді көздейді. Атап айтқанда, заң арқылы жаңа қазақстандық тауар өндірушілердің тізімін жүргізудің қағидалары мен ережелері айқындалды. Олар өндіретін тауарлар туралы мәліметтер де енгізілді. Сондай-ақ ірі тапсырыс берушілер үшін елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын әзірлеуге қатысты қосымша ережелер көзделген. Заң отандық тауар өндірушілерді қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат отырысында депутат Сағындық Лұқпанов бұл реестр толыққанды ақпараттық жүйе болатынын және басқа да ақпараттық жүйелермен бірігетінін атап өтті.

«Қазақстандық тауар» деген не?

Лұқпановтың айтуынша, енді «қазақстандық тауар» ұғымына екі негізгі түр кіреді:

  1. Толықтай елімізде өндірілген тауарлар – мысалы, жер қойнауынан алынған табиғи ресурстар (пайдалы қазбалар, минералдар), ауыл шаруашылығы өнімдері, металл сынықтары мен қалдықтар.
  2. Қайта өңдеуден өткен тауарлар – яғни өндірістік және технологиялық операциялар көлемі белгілі бір минималды шектен асқан тауарлар.

Бұл минималды шек өндіріс процесінің тереңдігін анықтауға көмектеседі, яғни өнім шынымен Қазақстанда өндірілгенін анықтауға мүмкіндік береді. Реестрге ену үшін кәсіпорындар өндірістің неғұрлым терең сатысын Қазақстанда орналастыруға ынталанатын болады. Себебі мемлекеттік қолдауға ие болу тек осы талаптарға сай компанияларға ғана беріледі.

Бірыңғай реестр 2025 жылы іске қосылады. Ал СТ-KZ сертификаттары 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін ғана өзектілігін сақтайды.

Отандық тауар өндірушілер реестрі құрылатыны туралы  KPOТеңізшевройл,  NCOC тәрізді ірі операторлар мен депутаттар кездесуінде айтылған еді. Сол реестрге енген кәсіпкерлердің еліміздегі халықаралық компаниялармен жұмыс істеуіне мүмкіндік туады.