
Түркістан облысында жылына 140 мың тоңазытқыш шығара алатын зауыт іске қосылды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлайды.
Жоба украиналық компаниямен бірлесіп жүзеге асырылған. Зауытқа салынған инвестиция көлемі – 60 млн еуро. Мұнда сусындарға арналған салқындатқыш сөрелер мен мұздатқыштар да шығарылуы мүмкін.
Сонымен қатар, сәуірде Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта орналасатын «Бадам» өндірістік паркін салу жұмыстары басталды. Бұл жерде отандық компаниялар бес өндіріс орнын ашуды жоспарлап отыр.
Бұған қоса, қытайлық компания ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауыт салуға қызығушылық білдіріп жатыр. Жобаның инвестиция көлемі 5 млн долларды құрауы мүмкін. Зауыттың қуаттылығы — айына 600 дрон.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында 14 индустриялық аймақ құрылған. Оның ішінде «Жетісай», «Отырар», «Арыс», «Карамурт», «Шардара-2» аймақтарында жалпы құны 129 млрд теңге болатын 84 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның 17 жобасы биыл іске қосылады деп күтілуде. Бұл жобалардың жалпы құны 49,7 млрд теңге.
Бұған дейін үкімет Түркістан өңіріндегі жұртшылықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлген еді. Ол қаражатқа Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы магистралды су құбыры қайта жөндеуден өткізіледі.