Экс-министр Аймағамбетов айлық алмаған ұстаздар мәселесіне назар аударды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Медсақтандыруға жағымды өзгерістен енгізіледі: Аймағамбетов айтып берді
Асхат Аймағамбетов Kursiv.Media көтерген мәселеге қатысты пікір білдірді / фото: parlam.kz

Парламент депутаты Асхат Аймағамбетов бірнеше ай бойы жалақы алмаған ұстаздар мәселесіне назар аударды. Жекеменшік мектептердегі қиын жағдайды Kursiv.Media көтерген еді.

Бірнеше жыл бойы білім министрлігін басқарған Асхат Аймағамбетов сәрсенбі күні жарияланған мақаладан кейін жекеменшік мектептер мәселесіне қатысты пікір білдірді.

«Жағдайдың осылай ушығатынын күткен едік. Жекеменшік мектептердегі мұғалімдер айлар бойы жалақы ала алмай жүр. 2024 жылғы желтоқсан айының да ақшасын алмаған мектептер де бар», – деп жазды экс-министр телеграм-арнасына.

Kursiv.Media басылымына сұхбат берген ұстаздар қауымы, сонымен бірге жекеменшік мектептердің мүддесін қорғайтын қауымдастық басшысы мемлекет 2023 жылдың желтоқсаны, 2024 жылдың соңғы айы үшін қаражатты толық аудармағанын айтқан.

Бұған қоса, мемлекет тапсырысын орындап отырған жеке мектептер 2025 жылы жағдай одан бетер қиындағанын, тіпті кейбірі ақпан айынан бері бюджеттен ақша алмағанын мәлімдеген.

«Жекеменшік мектептердің жұмысын түрліше бағалауға болады. Сапа мәселесі онда да бар. Бірақ бір нәрнесі ұмытпауымыз қажет: олар жүйенің бір бөлігіне айналды. Бұл – балама, бәсеке. Мұнда жүздеген мың білім алып жатыр.

Мәселе шешіледі деп үміттенемін», – деп жазды Аймағамбетов.

250 мыңнан аса оқушы білім алатын 800-ден аса жекеменшік мектеп мәселесі туралы материалды сілтемеге өту арқылы оқыңыз.

Kursiv.Media материалда көтерілген мәселеге байланысты Оқу-ағарту министрлігіне, «Қаржы орталығы» мемлекеттік мекемесіне, сонымен бірге өңірлер мен республикалық маңызы бар қалалар басшылығына сұрау жолдады. Басылым ұстаздар мәселесін назарда ұстайды.

Сондай-ақ оқыңыз