OPEC+ ашулы: Ақкенженовтің ұлттық мүдде туралы мәлімдемесі мұнай бағасын түсірді

Қазақстан мен OPEC+ арасында 2024 жылы басталған даудың күтпеген жерден қайда өршуі сәрсенбі күні шикі мұнай бағасының төмендеуіне алып келді. Сол күні энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ұлттық мүдде ұйым алдындағы міндеттерден жоғары тұрады деп мәлімдеген.
Ақкенженовтің ақталуына картел көне қоймады
Артынша Reuters агенттігінің осы салаға қатысы бар үш бірдей дереккөзі ұйымның бірнеше мүшесі маусым айында да мұнай өндірісін арттыруды ұсынады деп хабарлады. Агенттік мәліметінше, мұндай шешім өндіріс квотасын сақтау мәселесіне қатысты туындаған дауға байланысты қабылданған.
OPEC+ мүшелерін министр Ақкенженовтің өз мәлімдемесін қайта түзетуі де жұбата алмады.
«Қазақстан халықаралық міндеттерін сақтай отырып, ұлт мүддесіне сай әрекет етеді», – деп құбылған министр. Бұл жолы Ақкенженов хатпен жауап қатқан.
Алайда оған сенбеген мұнай өндірушілер квота тәртібін сақтамайтын ұйым мүшесін, яғни Қазақстанды «жазалау» керек деп шешкен сыңайлы.
Сарапшылар да картелдің өз ішіндегі дау әлем нарығына кері әсер етеді деп болжады. Соның өзі мұнай бағасының төмендеуіне жеткілікті болды. Нью-Йоркте америкалық шикі мұнай фьючерстері шамамен 3%-ға арзандап, бір баррелі шамамен 62 доллар болып қалды. Ал Brent шамамен 2%-ға құнын жоғалтып, 66,19 доллар болды.
«Әуелі Қазақстанды жөнге салайық» ұстанымы маусым айында өндірістің артуына себеп болатын сыңайлы. Сол себепті ұйым өкілдерінің мамырдағы жиналысын міндетті түрде бақылау қажет», – дейді RBC шикізат стратегиясы бөлімінің басшысы Хелима Крофт Bloomberg агенттігіне.
OPEC+ үшін үлкен диллема
Мұнай экспорттаушы елдер мен оның серіктестері 5 мамырда видеоконференция ұйымдастырып, маусым айына жоспарды талқылайды. Дереккөздер мәліметіне сенсек, ұйым бұл жолы өндірісті күніне қосымша 138 мың баррельге арттыру жоспарынан бас тартып, мамырдағыдай 411 мың баррель туралы шешім қабылдауы мүмкін.
Ай басында өндірісті үш есе арттыру жөніндегі шешім, бұған қоса дәл сол күні АҚШ президенті Дональд Трамптың бүкіл әлемге баж салығын жариялауы да бар, Brent маркалы мұнайдың бір баррелін 60 долларға дейін түсіріп жіберген. Сол кезде де сарапшылар картел осындай шешімді квота тәртібін сақтамаушыларды жөнге салу мақсатында қабылдады деп түсіндірген.
«Төзім таусылуға шақ қалды, бірақ кейін оны тазалау қиынға түсетінін түсінетін арабтар нарықты мұнайға батырғысы келмейді. Екеуінің біреуін таңдауға тура келеді», – дейді Black Gold Investors LLC бас директоры Гэри Росс Bloomberg-ке.
Агенттік Қазақстанның мойынмұнбауын 2023 жылы квота дауымен ұйымнан шыққан Анголамен салыстырады. Африкалық ел секілді, Қазақстан да Chevron секілді мұнай гиганттарына иек артады. Үкімет оларға ықпал жүргізіп отырған жоқ, өйткені гиганттар ел мүмкіндігін кеңейтеді. Ал энергетика министрлігі оларды жүгендеуге тырыспайды деп жазды Bloomberg.
«Бұл жерден арабтар мен Қазақстан арасындағы теке-тірестен де зор мәселе көреміз. Өз өндірісін бақылауда ұстай алмайтын болса, Қазақстан OPEC алдындағы міндеттерін орындай ала ма деген заңды сұрақ туындайды», – дейді A/S Global Risk Management бас сарапшысы Арне Ломанн Расмуссен.
Биыл Chevron компаниясы қыруар қаржы бөліп, Теңіз кен орнын кеңейтті. Қазақстан президенті корпорация төрағасын Ақордада қабылдап, кенішті кеңейтуді сәтті аяқтауымен құттықтады. Кен орнын кеңейту жобасының құны – 48 млрд доллар.
2016 жылы құрылған OPEC+ ұйымына Сауд Арабиясы мен Ресей басшылық етеді. Ұйымның тағы 10 мүшесі бар.
Ерлан Ақкенженов энергетика министрі қызметіне 2025 жылғы 19 наурызда тағайындалды.
Екі ай бұрын «ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов Қазақстан OPEC+ талаптарын орындауға міндетті емес деп мәлімдеген.