Киев пен Харьков қалалары қанатты зымырандармен атқыланды

24 сәуірге қараған түні Украинаның Киев және Харьков қалалары қанатты зымырандармен атқыланды. Астанаға жасалған соққылардан тоғыз адам қаза тауып, 63 адам жараланды. Бұл туралы Украина құтқару қызметі мәлімдеді.
Киев қаласындағы жағдай
«Алдын ала мәлімет бойынша, тоғыз адам қаза тауып, 63 адам жараланды. 42 адам ауруханаға түсті, олардың арасында алты бала бар», – деп хабарлады Мемлекеттік төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет.
Құтқарушылар қираған үйлер астында тірі қалған адамдарды іздестіріп жатқанын айтты.
Мәліметтерге қарағанда, Киевте гараждар, әкімшілік ғимараттар және ешкім тұрмайтын үйлер өртенген. Бұған қоса, автокөліктер отқа оранған.
«Қазір астананың бес ауданында түнді соққы салдарын жою жұмыстары атқарылып жатыр», – деп хабарлады құтқару қызметі.
Харьковке жасалған соққы
Бейсенбіге қараған түні Харьков қаласы екі мәрте қанатты зымырандар соққысына ұшырады.
«Екі жарылыс болды. Әуеде тағы зымыран бар», – деп жазды Харьков мэрі Игорь Терехов телеграм-арнасына.
Осының алдын қала басшысы Харьковқа 19 зымыран мен «шахед» дроны құлағанын хабарлаған. Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде зымырандардың бірі Харьков трактор зауыты орналасқан ауданға түскенін жазды. Әзірге бұл туралы ресми мәлімет жоқ деп хабарлайды BBC-дің орыс қызметі.
Ресейдің қанатты зымырандары соққысының екінші толқыны кезінде Украина әуе кеңістігінде шамамен 20 қанатты зымыран болған. Бұл түні Днепропетровск облысындағы Павлоград қаласына да соққы жасалған.